ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА УНИВЕРСИАДА АЛАУЫ ЖАҒЫЛДЫ

450
0

Бүгін оңтүстікқазақстандықтар Бүкіләлемдік 28 қысқы «Универсиада-2017» алау эстафетасын қабылдады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Шымкент қаласының Әл-Фараби алаңында «Алау эстафетасының» салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев барша жұртшылық пен спорт сүйер қауымды Тәуелсіз қазақстанның тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан Дүниежүзілік қысқы студенттер ойынымен және «Алау эстафетасының» келуімен құттықтады.

«Бізге ең ауқымды халықаралық спорт оқиғаларының бірі – 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың белсенді қатысушылары болу бақыты бұйырды. Өз егемендігінің 25 жылында әлем таңданатын елге айналу Елбасының ерен еңбегі екендігі анық. Тұңғыш Президентіміздің Қазақ мемлекетін халықаралық қауымдастықтың алдында сенімді серік, айнымас әріптеске айналдыра білді»,-деді әкім.

Еліміздің намысын қорғайтын спортшылардың ішінде оңтүстікқазақстандық 5 спортшы бар. Олар фристайл спорт түрінен Алдабергенова Жанбота, Арапбаева Жібек, Қалмұрзаева Ақмаржан, Іңкәрбек Бағлан, Мұхамеджанов Дархан сияқты спортшылар. Жерлестерімізге барлығымыз қолдау білдіре отырып, сәттілік, ал қала тұрғындары мен қонақтарына қызықты спорттық мереке тілейміз,- деді алауға қатысушылар.
Универсиада Алауын облыс әкімі Ж.Түймебаев жағып, біршама қашықтықта алып жүрген соң, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Әлия Юсуповаға табыстады.
Универсиада алауын Әлемге белгілі спортшыларымыз бен 12 жоғарғы оқу орнының студенттерінен құралған жалпы 60 алаугер Шымкент қаласының басты көшелерімен яғни, 12 шақырым жолды басып өтпек. Екі кезеңнен өтетін эстафета «Наурыз» алаңында мәреге жетеді. Жалпы шараға оңтүстікқазақстандық 6 мың адам қатысты.
Алаугерлердің қатарында ауыр атлетикадан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Құрмет» орденінің иегері Жазира Жаппарқұл, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Рио Олимпиадасының ең жас қатысушысы Сәбина Әшірбаева, каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, 2016 жылғы жастар арасындағы Әлем чемпионы Қайсар Алпысбай, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, 2014 жылғы жастар арасындағы Әлем чемпионы Шалқар Айхымбай, кикбоксингтен ҚР спорт шебері, Әлемнің 2 дүркін чемпионы Асли Азизова сынды үздіктер бар. Сонымен бірге, Әлемге белгілі спортшыларымыз, ҚР еңбегі сіңген спорт шеберлері Мұхтархан Ділдәбеков, Мырзағали Айтжанов, Әлия Юсупова, Андрей Макаров, Біржан Жақыпов, Мұратбек Қыпшақбаевтар да алаугерлердің қатарында.
Алаугерлермен бірге бүгінде жасы 80-нен асқан спорт ардагері, КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, ҚР балалар футбол қауымдастығының Құрметті төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Махамбет Баймырзаұлы Сапарбаев та жүр.
2017 жылдың 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында егеменді Қазақстанда XXVIII Бүкіләлемдік қысқы студенттік ойындар өтеді. Аталған жарысқа 50 елден 5000-нан астам студенттер қатысады деп күтілуде.
Универсиада Қазақстан Республикасының ұлттық жобасы және еліміздің 25 жылдық тарихындағы ең ірі мультиспорттық іс-шара болып табылады. Универсиадаға Қазақстан спорттың 13 түрінен қатысады.