ҚАЗАҚСТАН. 17 МЕДАЛЬ. ОЛИМПИАДА ШЫҢЫ

371
0


Бразилияда өткен XXXI жазғы олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы үшін Рио олимпиядасы сәтті болды десек артық айтпағанымыз. Әлемдік бәсекеге 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынаған қазақстандықтар барлығы 17 медаль алып, (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекорд орнатты, жалпы командалық есепте 22-ші орынға тұрақтады. Алтыны аз демесенің, төрт жылда бір келетін дүниежүзілік додада ел қоржынына түскен бұл жүлделердің бәсі жоғары. Ендеше, ел намысын қорғаған спорт саңлақтарының жүлде алған сәттерін еске түсірейік.

Қоржынымызға алғашқы медальді дзюдошы қызымыз Отгонцэцэг Галбадрах салды. 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алып, біздің елдің намысын қорғауға бекінген моңғол қызы өзінің қайсарлығын көрсете білді. Еліміздің жанкүйерлері бұл қызға қазақша есім беріп, Гүлбану деп атап кетті. Тек жапон қызы Ами Кондодан жеңіліп, қалған кездесулерінің бәрін айқын басымдылықпен жеңген Гүлбану қола жүлдегер атанды. Сол күні Елдос Сметов нағыз қазақи мінезін көрсетті. Ол өзбек дзюдошысы Диорбек Урозбоев, әзірбайжан Орхан Сафаров сияқты мықты қарсыластарын ұтып, финалға шықты. Соңғы бәсекеде ресейлік Беслан Мудрановқа қосымша уақытта ғана жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Елдостың алдағы олимпиадалардан алтын алатынына сенеміз.

Бұдан кейін кезек ауыр атлетика шеберлеріне келді. Допинг дауынан кейін Лондон олимпиадасының төрт бірдей чемпионы (Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло) Риоға бара алмағаннан соң Қазақстан екінші құрамасымен барғаны белгілі. Сол құраммен Қазақстан бұл спорт түрінен әлі де мықтылар қатарында екендігін дәлелдеді. Фархад Харки мен Карина Горичева қола жүлдегер атанды. Рио олимпиадасында 11 тамызға қараған түні қазақстандық спортшылар айды аспанға шығарып, қос алтын, бір күміс медальді жеңіп алды.Ауыр атлетикадан 69 келіге дейінгі салмақта Жазира Жаппарқұл қазақ қыздары арасында тұңғыш рет олимпиада ойындарының жүлдегері атанды, оның еншісінде — күміс медаль. Биылғы жыл соңында небәрі 23-ке толатын Жазира келесі Токио олимпиадасында осы салмақта алтын жүлдеге қол созатынын жасырған жоқ. Бұйырса, оны да көрерміз. Ауыр атлетикадан ерлер арасында 77 келіге дейінгі салмақта Нижат Рахимов нағыз ерге тән қасиетті көрсете білді. Ол жұлқа көтеруден кейін 165 кг көрсеткішпен қытайлық, 2012 жылғы олимпиада чемпионы Люй Сяозюньнен бақандай 12 келіге қалып қойды. Бар мәселе жұлқа көтеруде шешілді. Қытайлық атлет соңғы әрекетінде 202 келіні көтеріп, алтын алғандай тойлай бастады. Нижатқа қытайлықтан озу үшін 214 келіні көтеру керек еді, сонда қоссайыс қорытындысы бойынша бірдей нәтиже (379 кг) көрсетіп, бірақ салмағы жеңіл болғандықтан чемпион атанатын еді. Бас бапкер Алексей Нидің мәлім еткеніндей, мұндай салмақты Нижат тіпті жаттығу кезінде де еңсеріп көрмеген екен. Әрі әлемдік рекордтан 4 келіге артық. Бірақ Нижат 214 келіні көтеріп, әлемдік рекордты жаңартып қана қоймай, 22 жасында олимпиада чемпионы атанды. Өзінің елінде (Әзірбайжан) қағажу көріп, Қазақстанға келген Нижат И.Ильиннің орнын жоқтатпады. Атырау облысына алтын жүлде сыйлаған Н.Рахимовтың бұдан кейін де алар асуы аз болмасы анық.

Жүзу спортынан Қазақстан тарихында алғаш рет олимпиада чемпионы атанған алматылық 21 жасар спортшы Дмитрий Баландинді 200 метрге брасс әдісімен жүзуден жеңімпаз болады деп ешкім ойламаған. Кіл мықтылар жиналған бәсекеде американдық Джош Прено, германиялық Марк Кох сияқты сайыпқырандарды сан соқтырып, 2:07.46 минут нәтижемен мәре сызығын бірінші болып қиған Дима қазақ еліне екінші алтынды әкелді.

Олимпиада ойындарының тоғызыншы күні қазақстандықтар үш қарғып секіруден Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпаковадан жүлде күтті. Ольга бұл үмітті ақтады. Алғашқы әрекетінде 14,73 метрге секірген Ольга фавориттер қатарында екенін байқатты. Бәсеке барысында колумбиялық Катрин Ибаргуэн 15,17, венесуэлалық Юлимар Рохас 14,98 метрге секіріп, әлдеқайда ұзап кетті. Қазақстандық спортшы өз көрсеткішін бір ғана сантиметрге жаңартып, қола жүлдегер атанды. Лондон олимпиадасында 14,98 метр нәтижемен чемпион атанған, биыл 32-ге толатын Ольга Рио додасына дейін өмірге сәби әкеліп, аз уақыт ішінде қайта қалпына келді, бұл оңай шаруа емес. Осы үшін оның қола медалі алтынмен тең деуге болады. Төртінші орынға табан тіреген америкалық спортшы Кетура Орджидің Ольгадан үш сантиметрге ғана (14,71) қалып қойғанын ескерсек, қола медальдың да оңайлықпен келмегенін аңғарамыз. Ольга осымен екінші жүлдесін жеңіп алып отыр. Бұл, әрине, спорттағы үлкен табыс, биік абырой.

15 тамыз күні қазақстандық боксшылар үшін сәтсіздіктерге толы, ауыр күн болды. Алдымен 52 кг салмақта рингке шыққан Олжас Сәттібаев әзірбайжан жігіті Эльвин Мамишзадеден үш раунд бойы басым түссе де, төрешілер жеңісті қарсыласына берді. Ал 75 кг салмақта қазақстандықтар алтын алады деп үміттенген Жәнібек Әлімханұлы 1:2 есебімен тағы бір әзірбайжан Камран Шахсуварлыдан ұтылды. Бұл жерде, біздіңше, алғашқы екі раундта Жәнібек белсенділік көрсетіп, қазыларға еш күмән қалдырмауы керек еді. Үшінші раундта алға ұмтылғанымен, кеш қалды. Бір қызығы, 25 жасар Камран Ақтөбеде туып-өскен, Жәнібекпен жас шағында талай кездескен. Қазақстан спорт шебері атағына қол жеткізгенмен, ұлттық құрамаға ілінбегеннен кейін 2013 жылдан өзінің тарихи отанының атынан шыға бастаған. Әйтеуір, қандай себеппен болсын, Ж.Әлімханұлы қол созым жерде тұрған жүлдеден қағылды.

Төрешілер тарапынан әділетсіздіктің көкесі қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконың кездесуінен кейін болды. Екі кезең қорытындысы бойынша олардың бәсекесі тең дәрежеде деп бағаланса, үшінші раундта Вася қарсыласын қуалап сабап жүргенде, рингтегі төреші түрлі сылтаумен боксты қайта-қайта тоқтатып, Тищенконың құлап қалмауына жағдай жасады. Дәрігер де Тишенкоға өзінің қол ұшын берді. Әупірімдеп кездесуді аяқтаған Тищенкоға төрешілер жеңді деп өздерінің бағасын берді.Бұған риза болмаған залдағы көрермендер гуілдеп, «Қазақстан!» деп айқайлап жатты. Ысқырық, шу спортшыларды марапаттаған кезде де басылған жоқ. Қайта Левиттің өзі қолын көтеріп, оларды тыныштандыруға тырысты. Төрешілер шешімі дауға айналып, мамандар арасында қызу талас туғызды.Бұл туралы АҚШ-тың беделді басылымдарының өзі жазып, Ресей комментаторларының өздері Левиттің ұтқанын мойындады. Мұны АИБА-ның (халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) өзі де мойындап, В.Левит пен Е.Тищенконың бәсекесіне қазылық еткен төрешілерді рингтен аластатты. Яғни бұл – Василий Левит жеңді деген сөз. Әйтеуір 91 келідегі қазақстандық боксшының бұл күмісі алтыннан артық екені күллі әлемге белгілі.

Ауыр атлетикадан Қазақ елінің соңғы үміті Александр Зайчиковтың 105 кг салмақта қоссайыс қорытындысында екінші орынға көтерілетін мүмкіндігі болды. Бұдан тағы да төрешілер айырды. Жұлқа көтеруден кейін 193 кг салмақты еңсерген Александр үшінші орында тұрса, серпе көтеруді 223 келіден сәтті бастады. Әйтсе де екінші әрекетінде 227 келіні көтере алмады. Үшіншісінде әуелі төрешілер есептеген, артынан қазылар алқасы бұл шешімнің күшін жойды. Сөйтіп қазақстандық атлеттің жолына нүкте қойды. Бұл салмақта Илья Ильин болмағандықтан, өзбек спортшысы, 24 жасар Руслан Нурудинов чемпион атанды. Ал 19 жасар армениялық Симон Мартиросян күміс жүлдені іліп әкетті. А.Зайчиков одан небәрі 1 келіге қалып қойды. Қызылорда облысында туып-өскен, қазақшаға судай, 17 тамыз күні 24 жасқа толған Александр Зайчиков енді Токио олимпиадасына әзірленетінін мәлімдеді.

18 тамыз, бейсенбіге қараған түні бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов финалдық жекпе-жегін сәтті өткізді. Жартылай финалда алған жарақатына қарамастан, Данияр барын салды. Егер ауыр соққы алса, қабағы кез келген сәтте қайта жарылып кетуі мүмкін еді. Қарсыласы өзбек боксшысы тура сол жараны көздеп жүргенін біз де көрдік, Данияр да сезді. Соны ойлаған капитан қорғанысты ұмытқан жоқ. Үш раунд бойы әдемі де ширақ қимылдарымен өзбек боксшысы Шахрам Гиясовтың алдын орап, оңтайлы сәтте өзі соққы жұмсап, теңдессіз шебер екендігін айдай әлемге паш етті. Мұның алдында біраз мықтыны жолдан тайдырған Шахрам осал боксшы емес еді. Бірақ Даниярға түк істей алмады. Есеп 3-0, Елеусінов 69 келі салмақта олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Еске сала кетейік, 69 келі салмағы «қазақтың салмағы» деп аталып кеткен. Осыған дейінгі үш Олимпиада ойындарында осы салмақта үш боксшымыз чемпион атанды. 2004 жылы Афина Олимпиадасында Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев жасындай жарқылдаса, енді міне, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында төртінші спортшымыз Данияр Елеусінов. Осы орайда ерекше тоқталып өтер жайт, Тәуелсіздіктен бергі алты Олимпиадада қазақ боксшыларынан жетеуі чемпион атаныпты. Данияр Елеусінов соның жетіншісі болып тарихта қалды. Даниярдың осылайша олимп шыңына жетуі -жылдар бойы төккен тер мен тынбай жаттығудың арқасы.

Лондон олимпиадасында 21 жасар Данияр ширек финалда қарсыласына есе жіберіп, жүлдеге қол созым жерде тоқтады. Данияр 25 жасында ел тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына теңдессіз тарту жасады.Бұған дейін олимпиада тарихында Куба елінің боксшылары ғана 91 келі салмақта төрт рет қатарынан (оның үшеуі Феликс Савонның, біреуі Одланьер Солистің еншісінде) озық шыққан еді. Дегенмен қазақстандықтардың ерекшелігі, төрт бірдей боксшының олимп шыңын бағындыруында. Бұған 2000 жылы Сиднейде 71 кг салмақта топ жарған Ермахан Ибрайымовты қосуға болады. Өйткені кейін 71 кг салмақ жойылып, оның орнына 69 кг салмақ белгіленді. Сондықтан қазақстандықтар бес бірдей олимпиадада «өз салмағында» топ жарды деуге болады, ал бұл да — рекордтық көрсеткіш.
Сауатты бокстасудың үлгісін көрсетіп, жартылай финалда британиялық Джошуа Буатсидің адымын аштырмаған маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов 81 кг салмақта үш мәрте әлем чемпионы, кубалық Хулио Сесар Ла Круспен шаршы алаңға шықты. Бұл бәсекеде төрешілер шешімімен «қаша жүріп, соғысқан» кубалық боксшы жеңімпаз деп танылды. Сөйтіп Ә.Ниязымбетов екі мәрте қатарынан олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Мұндай табысқа осыған дейін Болат Жұмаділов қана қол жеткізген болатын.

Әйелдер күресінен 69 келі салмақта Эльмира Сыздықованың қола жүлдені иеленуі ерекше оқиға болды. Ол қазақ қыздары арасында күрестен тұңғыш рет олимпиада жүлдегері атанды. Алғашқы бәсекесінде олимпиада чемпионы, ресейлік Наталья Воробьеваға тап келген Эльмира барынша тайталасып күресіп, 1:4 есебімен ғана есе жіберді. Н.Воробьева финалға шыққаннан кейін Э.Сыздықова жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Очирбатын Насанбурмааны 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ал қола жүлде үшін бәсекеде мысырлық Энас Мостафаны айқын басымдылықпен (7:4) ұтты.
Эльмираның жеңісті жолын келесі күні Қазақстан құрамасындағы арулары жалғастырды. Палуан Гюзель Манюрова кезінде Ресей құрамасы сапында Афины олимпиадасында күміс медальді жеңіп алса, кейін Қазақстанға келіп, Лондонда қола жүлдені қанжығаға байлаған еді. Өзінің төртінші олимпиадасында 75 кг салмақта алдымен Венгрия елінің өкілі Жанетт Неметті 12:2 есебімен ойсырата ұтса, одан кейін камерундық Аннабель Алиді 8:6 есебімен жолдан тайдырды. Ал жартылай финалда бұрынғы отандасы, ресейлік Екатерина Букинадан жеңіліп жатып, жауырынын жер иіскетіп кетті. Финалда канадалық Эрика Уибеге есе жібергенімен, осының өзі — үлкен жетістік. Ал олимпиада додасына тұңғыш рет қатысқан 22 жасар Екатерина тіпті ерледі. Алғашқы белдесуінде белорус палуаны, кейін финалға өтіп, күміс жүлдегер атанған Мария Мамащуктан 2:8 есебімен ұтылғанымен, қола жүлде үшін бәсекелерде әдемі әдістер қолданып, швециялық, Еуропа біріншілігінің жүлдегері Хенна Йохансонды да, әлем чемпионы, америкалық Елена Пирожкованы да таза жеңіп кетті. Екатерина Ларионова Батыс Қазақстан облысының қоржынына бірінші медальді салды. Бұған дейін жасөспірімдер мен жастар арасында талай рет топ жарып, 2013 жылы Будапешт қаласында әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Екатеринаның алар асулары алда. Риоға әйелдер күресінен төрт палуан барса, соның үшеуі жүлдеге ие болды.
Еркін күрестен Нұрислам Санаев 57 кг салмақта жұбаныш белдесуінде әзірбайжандық Гаджи Алиевтен жеңіліп қалды. Бұл жерде ұпайды толық есептету үшін дер кезінде наразылық түсірмеген бапкерлердің де қателігі болды. Сөйтіп Н.Санаев қола жүлдеден қағылды. Ғалымжан Өсербаев 74 кг салмақта қола жүлде үшін бәсекеде Еуропа чемпионы, түрік Сонер Демирташтан 0:6 есебімен жеңілді. Жалпы, белдесулер барысында қазақ палуандары жалындап тұрудың орнына жігерсіздік көрсетті деуге болады. Бұл — ежелден Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды палуандарымен аты шыққан қазақ халқы үшін өкінішті жағдай.

Қыздар боксынан 75 келіге дейінгі салмақта Дариға Шәкімова алдымен екі мәрте әлем чемпионы, канадалық Ариан Фортинді 2:1 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін марокколық Хадиджа Мардиді 3:0 есебімен жеңді. Тек соңғы, тартысты бәсекеде 2012 жылғы Лондон олимпиадасының әрі әлем чемпионы, атышулы америкалық Кларесса Шилдске есе жіберіп, қола медальге ие болды.

Бокстан аса ауыр салмақта ел намысын қорғаған Иван Дычко алғашқы кездесуінде ол әлем чемпионы, өзін 2015 жылғы финалда нокаутқа жіберген әзірбайжандық боксшы Магомедрасул Меджидовтан есе қайтарды. Бірінші раундта жақын қашықтыққа жібермей, алыстан өзі соққылар жұмсаған Иван алда болды. Екінші кезеңде М.Меджидов жарақат алып, жеңіс Дычкоға берілді. Содан кейін нигериялық Эфе Аджагбуды тізе бүктіріп, жартылай финалға өтті. 20 тамыз күні ұлыбританиялық Джо Джойспен қолғап түйістірген Иван Дычко алғашқы раундта алға кеткенімен, кейінгі екі раундта есе жіберіп, қатарынан екі рет олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Бокстан барлық салмақта Олимпиада жолдамасын алған әлемдегі үш құраманың бірі Қазақстан болды. Рио-2016 додасын сәтті өткізген боксшылар ел намысын абыроймен қорғап, 1 алтын, 2 күміс пен 2 қола медаль олжалады. Бокста жалпы есепте Қазақстан құрамасы Өзбекстан, Куба және Франциядан кейін төртінші орынды иеленді. Бұл ұттық құраманың бас бапкері Мырзағали Құланұлының орасан зор еңбегі.

Жалпы, бұл олимпиада қазақ елі үшін сәтсіз болды деуге келмейді. Допинг дауынан кейін еліміздің бірінші нөмерлі ауыр атлеттері Риодан шеттетілді. Василий Левиттің таза алтынын бермеді. Әділбектің де алтын алар жөні бар еді. Бұларды санамағанда Қазақстан 17 медаль алды. Бұл тек қазақ спортының өрлеуі.Қай спорт түрлерінен олқылықтарымыздың орын алғандығын, төрт жылда бір рет келетін байрақты бәсекеде жүлде алу үшін қайсысына баса мән беру қажеттігін тағы бір көрсетті. Сондықтан келесі олимпиадаға тыңғылықты дайындықты көп ұзатпай бастамасқа болмайды.

Айта кетейік, Қазақстаннан 1996 жылы Атланта қаласында өткен олимпиадаға 94 спортшы қатысып, құрама 3 алтын, 4 күміс, 4 қола, барлығы 11 медальді, командалық есепте 24-ші орынды иеленді. 2000 жылғы Сидней олимпиадасында 130 спортшы бақ сынап, Қазақстан 22-ші орынға көтерілді. 2004 жылғы Афины олимпиадасына 114 спортшы барып, Қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-шы орынға төмендеп кетті. 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында 129 спортшы додаға түсіп, Қазақстан 29-шы орыннан көрінді. Еліміз үшін 2012 жылғы Лондон олимпиадасы аса сәтті болды. 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алған қазақстандықтар 204 елдің арасынан 12-ші орынды еншіледі. Ал биыл Қазақстан медальдар санын 17-ге жеткізді. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойланатын мерекелі жылда ел еңсесі тағы бір көтерілді.
Енді алда 2020 жылы 24 шілде — 9 тамыз аралығында Жапония астанасы Токиода өтетін ХХХІІ жазғы олимпиада ойындары тұр.

Рио олимпиадасының ерекшеліктері мен есте қалар жәйттері:

1. Тарихта алғаш рет өзбек боксшысы Баркер кубогына қол жеткізіп отыр. Ол Хасанбай Дусматов, 49 келіде чемпион болған.
Айта кетейік, 1936 жылдан бері табысталып келе жатқан сыйлыққа қазақ боксшылары үш рет қол жеткізген. Василий Жиров (1996 жылы), Бақтияр Артаев (2004 жылы), Серік Сәпиев (2012 жылы). Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынды (рекорд).

2. Бірінші рет олимпиада ойындарына босқындар құрамасы қатысты, оның құрамына Сирия, Оңтүстік Судан, Конго және Эфиопиядан он спортшы кірді.

3. Олимпиаданы өткізу үшін 85 мыңдай сарбаз бен полиция жұмылдырылды, бұл 2012 жылғы Лондон олимпиадасындағыдан екі есеге көп.

4. Олимпиада ойындарына алғаш рет 2000 жылдары дүниеге келгендер қатысты. Ережеге сәйкес олимпиадаға 2003 жылғы 1 қаңтарға дейін туғандар қатыса алатын. Ең жас чемпион, 15 жасар қытайлық Жэнь Цзянь 10 метрлік мұнарадан суға секіруден жеңімпаз атанды.

5. Қазақстандық боксшы Қайрат Ерәлиев 56 келі салмақта 2013 жылғы әлем чемпионы Джавид Челебиевпен кездесуінде америкалық атақты боксшы Мұхаммед Әлише соққыдан жалтара білудің тамаша үлгісін көрсетті.

6. Ресей құрамасы әлі де мықты
Олимпиада алдында допинг дауына байланысты Ресей құрамасы түгелдей шеттетілудің аз-ақ алдында тұрды. Тек халықаралық олимпиада комитеті 26 шілдеде ғана рұқсат берді. Оның үстіне жеңіл атлетикадан ресейліктер түгелге жуық қатыса алған жоқ. Соған қарамастан, Ресей құрамасы 19 алтын, 18 күміс, 19 қоламен (56) төртінші орынға табан тіреді.

7. Қамқорлықтың көрінісі, 5 км қашықтықта жүгіруден іріктеу сайысында америкалық желаяқ Эбби д’Агостино құлап қалып, жарақат алған жаңазеландиялық Никки Хамблинді тастамай, екеуі мәреге бірге келген. Кейін екеуі де финалға жіберілген.

8. Олимпиададағы махаббат, суға секіруден екі мәрте олимпиада чемпионы, осы додада қола жүлде алған қытайлық Цинь Кай марапаттау тұғырында тұрған өзінің сүйіктісі Хэ Цзыға сүйетінін білдірген. Күміс жүлде алған Хэ Цзы «иә» деп жауап қатқан.

9. Ямайкалық Усэйн Болт осы додада үш алтын медальді жеңіп алып, тоғыз мәрте олимпиада чемпионы атанды. Ол ерлер арасында 100 және 200 метрден, сондай-ақ эстафеталық жарыста ешкімге дес берген жоқ.

Қазақ елі тәуелсіз ел ретінде алты жазғы Олимпиада ойындарына 6 рет қатысты. Алауы сөнген Рио-де-Жанейро олимпиадасы соңғы 6-шы олимпиадамыз. Осы алты Олимпиадада қазақ елінің спортшылары көкбайрағымызды 69 рет әуеге көтерді.

Дастан АСҚАРҰЛЫ.