ШЫМКЕНТТЕ КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
Шымкент қаласында көркем гимнастикадан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Әлия Юсупованың жүлдесіне арналған VII халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Бүгінгі жарысқа Израиль, Қырғызстан, Ресей, Белорусия, Өзбекстан, Жапония, Вьетнам және Қазақстан құрамасының 100-ге жуық спортшылары екі жас ерекшелік бойынша көпсайыс түрінен сайысқа түседі.
Спорттық шараның ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев барша турнирге қатысушы спортшыларға қош келдіңіздер дей отырып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
«Еліміздің мақтанышы Әлия Юсупова көркем гимнастикадан Азия ойындарының екі дүркін абсолютті жеңімпазы. Афина және Бейжің қалаларында өткен жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған. Байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, туымызды көкке көтерді. Бүгінде көркем гимнастикадан ҚР бас жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан спорт саласының бірегей білікті маманы»,-деді әкім.
Әлия Мақсұтқызы басқаратын көркем гимнастика мектебінің ашылғанына небәрі 7 жыл ғана болғанына қарамастан спортшылары бірнеше биіктіктерді бағындырып үлгерді. Былтырғы жылы Бразилияда өткен 31-ші жазғы Олимпиада ойындарында Әлияның төл шәкірті Сәбина Әшірбаева небәрі 16 жасында өнер көрсетіп, жоғары көрсеткіштерге ие болды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда, облыстық көркем гимнастика спорт мектебінде 39 жаттықтырушы 289 балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде.
Облысымызда осы спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жазғы Азия ойындары мен Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Сабина Аширбаева, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасында топтық жаттығудан Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Амина Рустемова мен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасында үш дүркін Азия чемпионы, ҚР бірнеше дүркін чемпионы Алина Адилханова және көптеген спорт шеберлері, халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
2011 — 2016 жылдары аралығында жас ерекшіліктері бойынша мектеп гимнастшылары Қазақстан Респуьликасының чемпиондары, Азия Ойындары мен Азия чемпионаттарының жүлдегерлері және Испания, Эстония, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Белорусия, Туркия және Қазақстан елдерінде өткен бірқатар халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.
Осы жылдар аралығында мектеп гимнастшылары түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, 123 — алтын, 130 — күміс және 167 — қола медалдарға қол жеткізген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі