Астана арландары — WSB чемпионы!

359
0

Астанада 10-11 мамыр күндері өткен Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) бәсекесі финалында «Астана арландары» командасы «Украина атамандары» командасын ұтып, чемпион атанды. Есеп: 6-5!Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, финалдық доданың бірінші күнінде (10 мамыр) «Астана арландары» басым түсті. Есеп 3-2 болды.Таратып айтсақ, 54 келідегі Мирболат Тойтов украиндық Виктор Гоголевтен, 73 келідегі украиндық легионер Сергей Деревянченко қарсыласы Евгений Барабановтан,  85 келіде Хрвоже Сеп (Хорватиялық легионер) Сергей Лапиннен басым түсті. Ал, 61 келідегі Самат Бәшенов Василий Ломаченкодан, аса ауыр салмақтағы Михай Нистор Александр Усиктен ұтылып қалған.

 Екінші күні өткен бес жекпе-жек те аса тартысты болды.
Рингке бірінші болып көтерілген 54 келідегі Мирас Жақыпов украиндық Николай Буценконы ұтып, «арландарды» алға сүйреді.Жеңістің буымен желпінген қазақстандық көрерменнің көңілін бұдан кейін шыққан үш легионеріміз су сепкендей басты.Алдымен 61 келідегі ирландиялық легионер — Эрик Донован Вячеслав Кислицынге есе жіберді.Артынша 73 келідегі израильдік легионер — Константин Снигур Дмитрий Митрофановтан ұтылды.Бұдан соң 85 келідегі ирандық легионер — Эхсан Розбахани сүрінді. Бірінші-екінші раундта қарсыласы Александр Гвоздиктің жағынан отын шығарған ирандық боксшы, үшінші раундта тым еркінсимін деп, украиндықтың күрзі жұдырығына қарама-қарсы келіп қалды. Күтпеген жерден тиген соққыдан есеңгіреп, еденге бір домалап алған Эхсан қарсыласына жұлқына ұмтылып еді, бапкерлері жібермеді. Ортаға орамал лақтырды.Осылайша «атамандар» 5-4 есебімен алға озған.Осыдан кейін 91 келіден жоғары салмақтағы боксшы — Руслан Мырсатаевта шегінер жер қалмаған. Ұтылса бұл тек өзінің ғана емес, күллі қазақтың жеңілісі боларын ұғынған Руслан барын салды. Қарсыласы — Ростислав Архипенко да осалдардан емес. Руслан соңғы күшін сарқа бокстасып, ақырғы раундта жеңісті қарсыластан жұлып алды. Есеп: 5-5. Ендігі үміт есеп тең болған жағдайда шығуы тиіс жұпта еді. 54 келідегі Бағдат Әлімбеков Алашты жерге қаратпады. Жасындай жарқылдаған Бағдат қарсыласы Александр Рышканды еш даусыз ұтып, «Астана арландарының» мерейін үстем етті. Қазақ командасы WSB чемпионы болды!

Дереккөз: baq.kz