Шардаралықтар Шымкенттегі күндерін шарапатты тірліктен бастады

419
0

 

«Туған жер – алтын бесігім!» облыстық фестивалі аясында Шымкент қаласында Шардара ауданының күндері өтті.
Ораза айтының бірінші күніне тура келген айтулы күнді шардаралықтар қайырымдылық шарасынан бастады. Шымкент қалалық Абдулхамит Қаттани мешітінде айт намазы оқылып болған соң Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліпов көмекке мұқтаж 50 азаматқа азық-түлік себеттерін табыстады.
Шағалалы өлке өнерпаздарының қатысуымен «Туған жер-алтын бесігім» фестивалінің ашылуы жəне ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі Шымкент қаласындағы Əл-Фараби алаңында ұйымдастырылса, қала жұртшылығы кешке дейін Шардара қаласының рухани-мәдени өмірі және экономикалық-әлеуметтік жетістіктерімен танысты.

8490176257

«Туған жер – алтын бесігім» облыстық фестиваліне Шардара ауданы қандай ерекшелікпен келді?

Шардаралықтар аудан ерекшелігін танытатын көрмелер көшінің алғы сапына XVIII ғасырда өмір сүрген Құлажан батырдың өткір қылышы мен қанжарын әкелді. Қазіргі күнде атадан-балаға мирас болып келе жатқан тарихи, құнды жәдігер аталған батырдың бесінші ұрпағы Әбдіназар Жаутиковтің шаңырағында сақтаулы. Өз кезеңінде ішкі және сыртқы жаулардан елдің малы мен жеріне көз тіккен жаулардан корғап, өз өлкесінің тыныштығын сақтау жолында ерлігімен танылған жау жүрек батырдың алты ұлынан тараған ұрпақ бүгінгі күнде 200 отбасыға айналған. « Ата ерлігі бала ұрпақ үшін теңдессіз естелік. Өз ұлдарым мен немерелеріме елдің барына қол, малына көз салдырмай, адырдағы үйір-үйір жылқыны ұстағанның қолына, тістегеннің аузына бермей, айқас пен шайқас арқасында сақтаған Құлажан бабамыз жайында құлаққа сіңіріп, көз алдарында осы дүниені сақтап келемін. Ол-ұрпақтарының ары, тарихының мәні саналады»,-дейді Әбдіназар ақсақал.
Сондай-ақ, күні бүгінге дейін мемлекет қорғауына берілмей келе жатқан батыр қылышы мен қанжары ұрпақтан-ұрпаққа таралуы тиіс берік қағида саналады.
Фестиваль барысында Шымкент қаласындағы «Наурыз» алаңында шағалалы өлкенің 100 мекемесі 100 түрлі көрме ұйымдастырды. Ауданға қарасты мектеп және балабақша мекемелері мен қолөнер шеберлері еңбек пен жаңашылдығы үндескен төл туындыларын алаң аумағына орналастырды. Олардың атауы, «Оңтүстік Қазақстан облысына 85 жыл», «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» және «ЭКСПО-2017» шаралары және ауданның тарихы мен мәдениетін танытатын «Шағалалы Шардара» бөлімдеріне бөлінді.
«Туған жер-алтын бесігім» облыстық фестивалі аясында «Әнім сенсің – туған жер» және «Елім менің» атты «Ақ әжелер» ансамблінің концерттік бағдарламасы және жергілікті ақын-сазгерлердің «Туған ел әуендері» шарасы, Шардара ауданының түлегі ақын – Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Әлібек Шегебаймен кездесу, «Шардара» халық театрының Ш.Смаханұлының «Біз осы үйдің келіні боламыз» атты қойылымы мен деректі фильм көрсетіліп, Гала концертпен қорытындыланды.