ШЫМКЕНТТЕ МӘДЕНИ ШАРА ӨТТІ
Шымкент қаласында ұйымдастырылатын мәдени шаралардың қатары көбейіп келеді. Күні бүгінге дейін үшінші мегаполисте ұлттық руханиятқа айрықша үлес қосатын, мәдениеттің дамуына тың серпін беретін шаралар өтті. Ұдайы өтіп те келеді. Мәселен, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында «Ел болашағы – кітап оқитын ұлт» атты іс-шара өтті. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шымкент қаласының жас жазушылары, әдебиет сүйер қауымымен жүздесіп, еркін форматта әңгімелесті.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Серпер» сыйлығының лауреаты М.Отарбаев қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты. «Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың нақты мақсаты болуы тиіс. Жастар қазір кітаптан алыстап барады. Керісінше, біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітап оқыған жастар, азаматтар өз ұлтын сүйеді. Өмірге деген құштарлығы артады. Интеллектіміз өскенде біздің тұрмысымыз түзеліп, өндірісіміз де дамиды» – деді М.Отарбаев. Еркін форматта өткен кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы міндеттер, оны іске асырудың тетіктері айтылды. Зиялы қауым өкілдері, жас оқырмандар әдебиетті дамыту мәселелері, кітап оқуға қызықтыру, кітапты жарнамалау бойынша өз сауалдарын қойды.
Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке жасаған жұмыс сапары барысында мәдениет саласы да мемлекеттің басты назарында екенін айтқан болатын. Нақтырағы, жиында «Қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы тапшы. Менің тапсырмам бойынша 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте Опера және балет театрын салуды тапсырамын» – деді Президент. Осы ретте Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту да негізгі міндеттің бірі екенін айтып, заманауи стандартқа сай перзентхана қажеттігін жеткізді. Осыған орай, Әкімдік пен Үкіметке перзентхана салу жұмысын жеделдету туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту мәселесін жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі ретінде атап, қазір Шымкент тұрғындарының үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанына тоқталды. «Биыл кемінде 24 мың адамды жұмысқа орналастыру керек. Мен жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту туралы нақты тапсырмамды бердім. Қазір тиісті Заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді әкімдіктер мен мәслихаттардың өкілеттігі біршама кеңейетін болды. Соған сәйкес жауапкершілік те күшейеді. Мұның бәрі қала экономикасын дамытып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді деп сенемін» деді мемлекет басшысы.