БАБ АТА (ЫСҚАҚ БАБ) КЕСЕНЕ-МЕШІТІ…

219
0

Елімізде табиғаты көркем, киелі жерлер көп. Соның барлығын көзіңмен көріп, ауасымен тыныстай білгенге не жетсін! Кешегі арғы аталарымызға орнықты орда болған, бергі аталарымызға қайыспас қорған болған қасиетті Созақ ауданында әулиелер жатқан киелі орындар аз емес. Соның бірі – Баб Ата (Ысқақ баб) кесене-мешіті.
Ақиқаты басым аңыздарға сенсек, Баб Ата кесене-мешіті – қазақ даласындағы шежірелі жерлердің бірі. Ол – Созақ ауданы Жартытөбе елдімекенінің Баба ата ауылында орналасқан. Дала түріктеріне Ислам дінін ең алғашқы таратушылардың бірі Ысқақ бап деп саналады. Мұхаммед пайғамбардың Хазіретәлі ұрпақтарының бірі. Кей деректерде Қожа Ахмет Иасауидің он үшінші атасы деп көрсетіледі. Тарихи жазбаларда Ысқақ бап Түркістанға қазіргі жыл санауымен алғанда 762-767 жылдары келгені айтылады. Осында келіп Қаратаудың терістігіндегі Қаракөз бұлағының маңына қоныс теуіп, тұрақтанып қалған. Сол жерге мешіт, медресе салып, бала оқытып, қазақ тайпаларын исламға уағыздаған. Ысқақ бап қайтыс болған соң сонда жерленіп, басына сағана орнатылған. Содан бері жергілікті тұрғындар сол жерді Бабата елдімекені деп атап кеткен.
Оның қабірінің басындағы құлаған көне мазарының орнына XIX ғасырда жаңа күмбез салынған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өткен, мемлекет қорғауына алыныпты. Баб Ата күмбезінде намаз үлкен бөлме, сағана, діни-рәсімдік, т.б. бөлмелер бар. Сондай-ақ облыс басшылары мен кәсіпкер азаматтар Баб кесенесінің халық игілігіне айналдыруға көп қамқорлық көрсетіпті. Атап айтқанда, жол тартып, көпірді қалпына келтірген, мектеп, медициналық пунк тағы басқа халыққа қажетті нысандарды жаңғыртқан.
Бүгінде әулие мекенге жер-жерден зират етіп келушілердің қатары көп. Шетелдіктер де аз емес. Жыл сайын тамыз айының соңына таман Баба ата ауылында Ысқақ бабтың аруағына арнап ас беріледі. Бұл қасиетті мекен рухани туризм орны ретінде күннен-күнге жанданып келеді.

%d1%80%d1%83%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b8-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d1%8b%d1%80%d1%83-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%80%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%82%d1%8c

04