ТУРИЗМНІҢ ОРДАСЫНА АЙНАЛҒАН ТҮРКІСТАН..

138
0

2016 жылды ЮНЕСКО ұйымы Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жариялаған болатын.
Көне қаланы бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қадірлеп, қасиет тұтады. 1500 жылдан астам тарихы бар шаһар бүгінде түркі әлемінің рухани орталығы саналады. Алаш қайраткері, ғалым, журналист Қошке Кемеңгерұлының сөзімен айтсақ, «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ержетіп, өсіп-өнген ордасы – Түркістан». Ұлы Жібек жолының бойындағы ескі шаһар қазақ мемлекетінің негізін қалаған хандар мен батырлардың, билер мен әулие-әмбиелердің сүйегі жатқан қасиетті мекен.
Түркістан – еліміздегі туризмнің ордасына айналған шежірелі шаһар. Өткен жылы киелi қалаға келiп, тарихи мекендерге зиярат етушiлердiң қатары 1 млн-нан асыпты. Бұл әрине, Түркістанда туризмнің қызмет көрсету деңгейі жыл санап дамып келе жатқанын білдірсе керек. Кесене қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, күніне мұнда 5-6 мыңдай турист келеді екен.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Кесене Қазақстандағы бүкіләлемдік мұралар тізіміне (ЮНЕСКО) алынған тарихи ескерткіш (2003 жыл, маусым айы). ХІІ ғасырда өмір сүрген, бүкіл Шығыс халықтарына аты әйгілі көне түркі ақыны, дәс¬¬түрлі дініміздің негізін қа¬лаушы Қожа Ахмет Ясауи¬дің басындағы бұл кесене XIV ғ. соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Орталық Азияда бұл кесенеге тең келетін сәулет өнерінің туындысы жоқ десе болғандай. Оның сыртқы биіктігі 41 метр. Ұзындығы 65, ені 46,5 метр. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 2 метр. Барлығы 35 бөлме бар. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әртүрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатыр. Солардың үлкендері Қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, Мешіт деп аталады. Кезінде атауларына сай келушілерге түрлі қызметтер көрсеткендігі байқалып тұр. Орталық залдың күмбезінің диаметрі 18,3 метр. Тайқазан 1399 жылы 25 шақырым жерде тұрған Қарнақ қаласында құйылған. Салмағы 2 тонна болатын қазанға 3 мың литр су сияды. 1935 жылы Ленинградта өткен халықаралық конгресске апарылған екен. Содан бері Эрмитажда тұрған тайқазан 1989 жылы ғана Отанымызға қайта әкелінді.
Ғи¬мараттың кіреберіс есігінің маңдайшасында жазылған мынадай сөздерді оқуға болады: «Бұл әулие мекен Алла тағаланың рақымы жауған падиша Әмір Темір көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды. Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!». Осы жазуларды оқып тұрып, бойың шымырлайды, тарихтан тәбәрік болып жеткен бұл жәдігерді мұраға қалдырған Әмір Темірдің даналығына тәнті боласың.
Мұнда қорық-мұражайдың алып жатқан жер көлемі 90 гектар. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жерасты мешіті, ХІІ ғ.), сегіз қырлы кесене (ХІV-ХVІ ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (ХV ғ.), Шығыс моншасы (ХVІ-ХVІІ ғ.ғ.), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті, тағы басқа да археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. Жалпы бұл қала ХІV-ХVІІІ ға¬сыр¬ларда Қазақ хандығының астанасы болған.
Заманында мұнда Әмір Темірдің жарлығы бойынша ет пен бидайды 24 сағат бойы қайнатып, пісіретін «Хәлім ботқа» тамағы дайындалатын болған. Аптасына екі рет әзірленетін ботқаны ағаш астауларға салып, қариларға, дәруіштерге, жарлы-жақыбайларға, мүгедектерге, зікірге жиналатын көпшілікке, жолаушыларға үлестірген.

03