Кесене қақпасы мен көне көшелер жанданбақ

193
0

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде киелі өңірді тарихи қалпына келтіру, абаттандыру мақсатында жиын өтті.
Айтулы жиынға Түркияның «Sembol Construction» құрылыс компаниясының корпоративтік техникалық департаментінің директоры Selcuk Yelken және «Казреставрация» мекемесінің өкілдері мен тарихшы – археологтар, музей қызметкерлері қатысты.
Шарада «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы тарихи қорғау аймағының жағдайымен, онда орналасқан ескерткіш құрылыстары және тарихы жөнінде сөз етті.
«Кесененің әрбір қақпасының мәні мен мазмұны, тарихы жөнінде бәріңіз білесіздер. Мұндағы әрбір ғимарат, жол, тіпті кірпіш пен ою-өрнекке дейін құнды. Әрқайсысының -өзінің өткені, бүгіні және болашағы бар. Біздің мақсат – тарихи мұраларды кеңінен насихаттау, қорғау және оны таныту. Ол үшін аталған орындардың тарихи қалпын сақтай отырып, келбетіне мән беруіміз қажет. Мекеменің күн тәртібіне қойылған бұл мәселені шешу үшін баршаңыздың басыңызды қосып, жинап отырмыз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып, нысандардың тарихи тұтастығын қалпына келтіруге шақырамын»,-деді музей басшысы Н.Ахметжанов. »
Жиында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі аумағында орналасқан «Жеті ата», «Тәкия», «Мүсәлә», «Дарбаза» қақпаларын бір-бірімен байланыстыратын қорғандар мен көне мешіттер және көшелерді тарихи қалпына келтіру бойынша мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, түркиялық Selcuk Yelken өңірдің туристік потенциалын дамыту мақсатында киелі жерлердің көне келбетін сезіндіретін және абаттандыру кезінде түрлі гүлдердің тарихи сезім сыйлайтын өзгеше әсемдікпен егілуі сынды бірқатар жобаларын ұсынды.
Белгілі ғалым, археолог Марат Тұяқбаев кесене аумағында әлі де ашылмаған тарихи мағлұматтар мол екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, көне базар орны, көше мен қақпалардың тарихы, маңызы жөнінде де сөз етті.
Сондай-ақ, қорық- музей қорында 25000 дана құнды тарихи жəдігерлер қордаланған. Олардың арасындағы жазба, археологиялық этнографиялық жəне нумизматикалық тобына жататын жəдігерлер талапқа сай сақталуы үшін соңғы үлгідегі арнайы құрылғылар орнатылған. Алайда, аталған жәдігерлерді келушілерге толықтай көрсету мүмкін емес. Осы орайда кесенеге қарасты Гарнизон штабында экспонаттарға арналған арнайы ғимарат жасақтау мәселесі де айтылды.
Басқосу алдағы уақытта кеңейтілген отырыспен қайта ұйымдастырылмақ. Себебі, туристер мен барша келушілерге тиімді жағдай жасап, әлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның аумағындағы тарихи жерлердің төл бейнесін, көне қалпын таныту басты назарға алынған.

010