ЖЕРЛЕСІМІЗ ДҮНИЕЖҮЗІ ЧЕМПИОНЫ

Қырғыз Республикасында III Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтуде. Бұл ойындар спорттың 37 түрін, соның ішінде қырғыздың 16 ұлттық және басқа да көшпенді халықтар спортының 21 түрін қамтиды. Атап айтқанда, түрлі қашықтықтағы ат бәйгесінің 8, күрестің 13, дәстүрлі садақ атудың 5 және зияткерлік ойынның 3 түрінен сайыстар өтеді. Сондай-ақ ит жүгіртіп, құс салатын ұлттық аңшылық ойындардан жарыс болуда. Ойындарға әлемнің 60-тан астам елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысуда. Шымкент қалалық Ләззат Тажиева атындағы спорт мектебінің атынан сынға түскен жерлесіміз Ерсұлтан Мұзаппаров та Қазақ елінің намысын арқалап барған болатын. Қазақ күресінен 90 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп отырды, шешуші сайыс финалдық кездесуде Өзбекстандық қарсыласы Сарвар Икромовтан үстем болып, алтын медалдан алқа тағынды. Ерсұлтанның жеңісімен барша Қазақстандықтар атынан құттықтаймыз!
«ШардараСпорт-ақпарат»

74