«ОПМАЙ-ОПМАЙ» МЫНАЛАРЫҢ ҚАЙТЕДІ?!

175
0

Өткен жылдың аяғында «Youtube» желісінде хитке айналған Бақай мен Азия топтарының бірлесе шығарған «Опмай-опмай» әні бүгінде небәрі бір айдан аз уақытта 10 миллионнан аса қаралым жинап отыр.

Дәл осы қарқынмен кете берсе былтыр бес айдың ішінде 40 млн. астам қаралым жинаған Ерке Еcмаханның «Қайда» әнін басып озатын түрі бар. Жылдың хит әндерін қорытындылаған бұл әзіл ән бүгінде халықтың басым көпшілігінің көңілінен шыққан сияқты. Бұған дәлел, халықтың бейнебаянға берген он алты мыңға жуық пікірлерін айта аламыз. Бейнебаянға пікір айтқандардың көпшілігі «бұл ән 2019 жылдың хит әніне айналады» деп топшылап отыр. Бұл ой бейнебаянда айшықтап айтылған ұтымды сөздердің арқасында шындыққа жанасатын түрі бар. Әндегі айтылған 1979 жылғылар, биыл 40 жылдық тойларын тойлайтыны белгілі. Сонымен қатар, шоу бизнес әлемін шулатып, басы дауға қалған Төреғалидің «шығып кетсін ба ағайын?!» сөзі бейнебаян желісінде ұтымды қолданылып тұрғандай. Жігіттер өз кезегінде өнер сахнасында бірге қайнасқан әріптестеріне «ренжіме біздерге» дей тұрып, бүгінгі шоу-бизнестегі сапасыз әндерге жақсы пародия жасай алды деп ойлаймыз. Ең бастысы, тұғырлы жігіттер мен бұрымды қыздарды түрлі «иглздарға» еліктемей, туған тілін сыйлауға шақырып тұр.
Аз ғана уақыт ішінде әлеуметтік желілерді жарып, ең көп қаралымға ие болып отырған осы бейнебаян «Бақай» мен «Азия» тобы үшін сәтті шыққан жұмыс десек қателеспейміз. Ең бастысы әннің мағынасы мен сөзін қатты сынға алмай, қазақ шоу-бизнесін жаңа қырынан танытуға атсалысып жүрген жігіттерімізді қолдасақ дұрыс болады деп ойлаймыз.

uakit.kz