МҮЛІК САЛЫҒЫНАН ЖАЛТАРҒАН КӘСІПКЕРЛЕРГЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

206
0

Шымкентте алдағы бір ай мерзім ішінде кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып отырған нысандарға бақылау күшейтіліп, көлеңкелі экономикамен күрес белсенді жүргізілмек. Сол арқылы жергілікті билік қаладағы барлық кәсіпкерлердің қол астындағы жалдамалы жұмысшыларын тиісті тіркеуге алуын, олардың табыстарын шынайылыққа келтіруін жолға қоймақ. Сондай-ақ, олардың жалдамалы жұмысшылары үшін төленетін әлеуметтік, жеке табыс салықтарын ұлғайту, кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып отырған нысандардың бағалау құндарына қайта бағалау жұмыстарын ұйымдастырып, мүлік салығының түсімін арттыруға баса мән берілмек.

Бұл туралы Шымкент қаласы бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша кеңейтілген жиында айтылды. Мақсат айқын – республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкентті алдағы үш жылда дотациялық аймақтан донорлы аймаққа айналдыру.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысқан бұл жиынға кәсіпкерлер де шақыртылды. Онда қала бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеров 2018 жылы салықтық төлемдер 78 млрд. теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда түсімдер 9,7 млрд теңге артқанын мәлімдеді. Жалпы түсімнің 15,8% кәсіпкерлік субъектілерінен түскен.
Қазіргі таңда қаламызда 68 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Өз кезегінде Н. Көшеров олардың арасында мүлік салығынан жалтару үшін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын ғимараттардың құны айтарлықтай аз көрсетілетінін жасырмады. Осыған орай қаланың бас салықшысы кәсіпкерлерді мұндай ылдым-жылдым әрекеттерге бармай, бір ай мерзім ішінде нақты табыстарын көрсетіп, қосымша салық есептіліктерін тапсыруға шақырды.
uakit.kz