«МЕКТЕП АСХАНАЛАРЫН ТЕКСЕРУ КЕРЕК…» Әбдірахымовқа әлеуметтік желі арқылы тұрғындар не деп жатыр?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықпен тек белгілі бір уақытта ғана емес, әрдайым әлеуметтік желі арқылы берік байланыс орнату туралы әкімдерге берген тапсырмасынан соң көптеген атқамінерлердің желіде өз аккаунттары ашылғаны белгілі. Халыққа осындай жолмен жақын болу үшін бір әкімдер фейсбукты қолданса, енді бірі инстаграмды құп көруде. Кейбірі твиттерді таңдауда. Әкімдер халықпен «қауышу» үшін қай желіні таңдаса да олар үшін басты мақсат адамдардың мұң- мұқтажына зейін қойып, қордаланған мәселелерді шешуге ықпал ету және сан мыңдаған тұрғындарға атқарып жатқан жұмыстарын тиісті деңгейде жеткізу болып табылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желінің мүмкіндігін тиімді пайдалана білу туралы әкімдерге берген тапсырмасын Шымкент басшысы Ғабидолла Әбдірахымов екі сөзге келмей орындап, инстаграм желісінде өз аккаунтын ашып тастағаны белгілі.
Қала әкімі сәуірдің алғашқы күнінен бастап инстаграм желісінде халықпен байланыс орнатуды белсенді жүргізуде. Қазірдің өзінде оның инстаграмдағы ресми парақшасына жазылғандардың саны 30 мыңнан асып жығылған. Дәл осындай қарқын жалғаса берсе мегаполис мэрінің әлеужелідегі оқырманы миллионға жетіп, танымалдылығы арта түсетіні ғажап емес.
Әкім Ғабидолла Әбдірахымов желіге жаңадан қосылған алғашқы күні өзінің суретін ғана жүктеген. Арада бірер күн өткен соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкентке келген сапары кезінде қарсы алған фотосын жариялаған. Сонымен қатар ол, желі арқылы бірқатар нысандардың ашылу салтанатына қатысқанынан да хабар берген. Осы жылдың күзінде қайта құру жұмыстары басталатын темір жол вокзалының және құрылысы 2020 жылы аяқталатын жаңа әуежай терминалының макеттерін де таныстырған. Ол тек ресми жаңалықтарды ғана емес, өзінің кейбір әсерлерін ағаттық деп санамай, оқырмандарымен бөліскен. Мәселен, ол аптаның демалыс күндерінің бірінде өз оқырмандарына соның ішінде ер азаматтарға «Воскресший Эртугрул» атты фильмді көруге кеңес беретінін жеткізген.
Жалпы әкім Ғабидолла Әбдірахымовтың инстаграм желісіндегі жазбаларының барлығы желі қолданушыларының арасында кең талқыланып жатыр. Олардың көпшілігі әкімнің атқарып жатқан жұмыстарына көңілдері толатынын айтып, рахметтерін жаудыруда. Тіпті кейбірі оған алдағы Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсыну туралы ұсыныстар айтуда. Арасында әкімнің келбетінің келісті екенін айтып, тамсанып жатқандарды да көп көзің шалады.
Дегенмен де, орынды ой айтып, шын сын айтып жатқандар да жетерлік. Біраз тұрғындар әкімнің қабылдауына кіріп, онымен бетпе бет кездесу мүмкін болмай отырғанын жазса, енді бірі барлық мектептің асханаларын тексеруді ұйымдастыруды ұсынған. Жын-ойнақтың ордасына айналған тәуліктік пәтерлерді түбірімен құртуды талап еткендер, «Текстиль» шағын ауданында қаншама балалардың жоғалып, қыздардың зорланып жатқаны жөнінде дабыл қағып, олардың шешілуіне ықпал етуді сұранғандар да бар.
Жалпы әкімнің әр жазбасына мыңдаған «ұнайды» деген тетіктер басылып, жүздеген пікірлер жазылуда. Жалпы оның барлығына әкім Әбдірахымовтың жауап беруге үлгере бермейтіні сөзсіз. Бірақ оны біреу түсінсе, біреу түсінбеуі мүмкін. Бұл сөзімізге @benton_kz деген желі қолданушының «халык мұң-мұқтажын айтады сізге. Ең болмаса жауап берсеңізші әкім мырза парақшаны ашқан екенсіз» дегені дәлел бола алады.
Қаланың көптеген түйіткілді проблемаларын әкім назарына айтып жатқан адамдарда есеп жоқ. Оның барлығын тізіп шығу әрине мүмкін емес. Бірақ қала әкімі солай екен деп үндемей отыра беру тағы болмайтынын түсініп, шағым айтушыларға арнайы жазба жүктеді. Онда ол өзіне үйлердің жыларман халде тұрғанын, кейбір мөлтекаудандарда жол, жарық, су, көгілдір отынның тартылмағаны жөнінде мыңдаған хаттардың келіп түсетінін, одан хабардар екенін, бірақ мәселелерді шешу үшін барлығы қаржыға келіп тірелетінін, сондықтан оған уақыт беру керектігін айтқан.
Бірақ Ғабидолла Әбдірахымов ол түйіткілдер толықтай шешілу үшін нақты қанша уақыт керек екенін ашып көрсетпеген.
Шымкент әкімі инстаграмдағы аккаунт желісіндегі жазбаларын кейде қазақша, кейде орысша жүргізуде. Орысша қалдырған кезекті бір жазбасына gulzakira240677 есімді желі қолданушысы
«Қазақша жазсаңыз да түсінеді Шымкенттіктер сізді!» деп айтып салған. Мұндай мағынадағы реніш-рәуіштер осымен шектеліп қалмаған.
Жалпы қала әкімі инстаграм желісінде жазылған мың түрлі пікірлердің барлығына көз салып шықса, Шымкенттің қай жерінде қандай күрмеулі мәселелер орын алып жатқанын, неге бірінші кезекте мән беру керектігін біліп, көкейге түйіп, тиісті тірліктерді істеуге әбден болатыны сөзсіз.
Айтпақшы қала әкімінің инстаграм желісі арқылы түрлі жағдайларын алға тартып материалдық көмек сұрап жатқандар көп-ақ. Сондай-ақ, Ғабидолладай мықты азамат болсын деген үмітпен баласының тұсауын кестіруге емеурін танытып жатқан қызықты пікірлер де бар.
«Уақыт» газеті.