ТӨСЕКТЕ ЖАТЫП ТЕМЕКІ ТАРТПА!
Үйіңізді өрттен қорғағыңыз келсе төсекте жатып, темекі тартпаңыз.
Бұл Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы инспекторларының тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша айтатын ескертуі. Жылыту маусымында өрттердің орын алуын алдын алу және болдырмау мақсатында аталған басқарма қызметкерлері тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндірулер жүргізіп жатқаны белгілі.
Түсіндіру жұмыстары кезінде мамандар тұрғын үй иелеріне өрттен сақ болу үшін келесідей талаптарды сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, электр жүйенің, ажыратқыш пен розетканын жарамдылығын бақылап отыру қажет. Техникада тіл жоқ. Ол кез келген сәтте істен шығуы мүмкін. Сондықтан да жүйелі түрде жарамдылығын бақылау артық етпейді. Электр құралдарды перделер мен жиһаздардан алшақ өртенбейтін тіреулерде ұстау қажет. Бiр жүйеге күштiлiгi жоғары электр құралдарды қосуға тыйым салынатынын, ол электр жүйеге артық жүк келтіріп, өрттің болуына әкеп соқтыратынын білген абзал. Жылыту маусымы кезінде қолдан жасалған электр жылыту құралдарын қолданбау үлкен қауіптен құтқарады. Жылыту құралын мақсатты пайдалану қажет. Ол киім кептіретін құрал емес екенін ұмытпаңыздар. Және газ плиталарын жылыту үшін қосып қою мүлдем болмайтынын біле жүріңіз. Үйден шығарда газ және электр кұралдарын тоқтан ажыратылғанын тексеріңіздер. Жылыту пештерін уақытылы жөндеңiздер. Мұржаны ыстан тазартуды кейінге қалдырмаңыз. Пеш есiгiнiң алдына көлемі 50х70 темірден жасалған төсегiш жасап қойыңыздар.