ШЫМКЕНТ: БЫЛТЫР «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БӨЛІМІ 700-ДЕН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТКІЗДІ

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын тиімді іске асыру мақсатында 2019 жылдың 1- сәуірінде Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасында «Рухани жаңғыру» бөлімі құрылған болатын. Аталған бөлім өткен жылдың сәуір-желтоқсан айлары аралығында жалпы 742 шағын және ауқымды іс-шаралар өткізген. Барлығы  431 100 адамды қамтыған іс-шаралардың 82-сі халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейде ұйымдастырылған.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде аталған бөлімнің меңгерушісі Зәуре Оралбаева мәлімдеді.

«Рухани Жаңғыру» бөлімінің өткен жылғы тоғыз айдағы жұмысын түйіндеген Зәуре Оралбаева «Туған жер» жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде демеушілер мен меценаттар есебінен Шымкент қаласында құны 3 млрд. 358 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылғанын айта келе, «Өлкенің тарихын кеңінен тану, зерделеу мақсатында қала мектептерінде 5, 6, 7 сыныптарға арналған «Өлкетану» және «Өлкетану хрестоматиясы» оқулығын алуға бюджеттен 124 млн. 664 мың 700 тг. бөлініп, 72 380 дана оқулық таратылды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша мемлекеттік тілге аударылған 48 оқулықты таныстыру презентациясы жоғары оқу орындары мен кітапханаларда өтті. «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобасын жүзеге асыру үшін арнайы желілік кесте әзірленді. Жыл басынан 63 іс-шара ұйымдастырылып, БАҚ арқылы насихатталды. «Қазақстанның рухани киелі жерлері. Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы бойынша Шымкент қаласында 62 іс-шара өткізілді. Жалпы, жоба бойынша 7 тарихи-мәдени ескерткіш жалпыұлттық маңызы бар қасиетті, тарихи жерлердің тізіміне, ал 8 нысан – жергілікті маңызға ие орындар қатарына енді. Қала көшелерінде киелі орындардың тарихи деректері мен сипаттамасы бейнеленген 27 баннер ілінді»,-деді.

Сонымен қатар ол, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша қолға алынған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Ұлы даланың ұлы есімдері» және т.б жобалар бойынша жүзеге асқан шараларды сөз етті.

uakit.kz

Сурет авторы: Серік Қосаев.