ТҮРКІСТАНДА САЛАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ДАМЫТУ ҚОЛҒА АЛЫНЫП КЕЛЕДІ

Сандаған ғасыр бойы руханият пен сауда-саттық мекені болып келе жатқан Түркістан қазір облыс орталығы ретінде бұрынғыдан өзгеше дамып келе жатыр. Сол даму бағыттарының бірі – бұрындары оқуын оқып алып, жұмыс істейтін жер іздеп, сенделіп кететін жергілікті жас журналистердің осы аймақта еңбек етуіне мүмкіндік жасалуы. Нақтырақ айтсақ, қазір осындағы іргелі оқу ордасы – Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетін тәмамдаған жас тілшілер үшін көптеген ақпарат орталықтары құрылып жатыр. Олардың ішіндегі ең ірісі – бірер жыл бұрын құрылған «Түркістан» телеарнасы. Аталған мекемеде қазір  жастар көп.

«Түркістан» телеарнасы қазір аймақтық деңгейдегі арна. Ұжымның мақсаты – халықаралық деңгейге шығу. Соған қарамастан, біз көрерменнің талғамына сай келетін түрлі бағыттағы бағдарламаларды ұсынуға тырысамыз. Мәселен, негізінен жастардың қолы бос кезде қарауына арналған «Жаңа толқын» бағдарламасы бар. Онда көбіне өзінің еңбегі не дарынымен елден еректеніп жүрген азаматтар танылады. Одан бөлек, «Еңбек адамы» атты бағдарлама бар. Бұл аты айтып тұрғандай, бір саланың жілігін шағып, майын ішкен адамдарды танытады. Ел ішінде орын алып тұратын оқиғаларды жеткізетін «Жедел түсірілім» деген бағдарлама бар. Сонымен қатар, тағлым-тәрбиеге толы сұхбат құрылатын «Тұран төрінде», билік өкілдерімен жүздесетін «Бұқара мен билік», әр саны нақты бір тақырыпқа арналатын «Халық сөзі» секілді бағдарламаларды атап өтуге болады. Жалпы телеарнаның қазіргі жұмысы жаман емес деп ойлаймын. Әлбетте, артылған жүктеменің салмағы ауырлау. Бірақ жас ұжым әзірге сыннан сүрініп жатқан жоқ»,-дейді журналист Бақдәулет Анарбай.

Журналист бір саланы терең танып, зерделі зерттесе, оның ақпараты құнды болмақ. Бүгінде бізге жетіспейтіні осы – салалық журналистика. Әрбір журналист бір-бір саланың шеберханасында шыңдалса, отандық БАҚ-тың беделі аспандай түсетіні хақ. Соңғы уақытта ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де  аталған мәселені көтеріп жүр. Бұл – құптарлық іс. Себебі пандемия тұсында елімізде медицина тақырыбы бойынша жазатын журналистердің аз екенін оңай аңғардық. Қазақстанда спорт, мәдениет, саясат тақырыбы бойынша қалам тербейтін журналистер баршылық. Ал бұдан өзге тақырыптарды белден қазып жүрген журналистердің қатары аз. Сондықтан салалық журналистиканы дамыту бойынша отандық бұқаралық ақпарат құралдары жобаларына жаңа серпін қажет. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей, аласапыран алмағайып заманда журналистиканың ұпайы түгел болуы тиіс.

«Рейтинг пен идеология туралы сөз қозғамас бұрын, сол бұқаралық ақпарат құралының нақты бағытына мән берген жөн болар. Өйткені мемлекеттік идеологияны жүргізу — мемлекеттің мойнындағы міндет. Ал мемлекет идеологияны жүргіземін десе, қарамағындағы БАҚ-тардың осы бағыттағы бастамаларына қолдау көрсетуі тиіс. Ал рейтинг қууға келсек, бұл бір жағынан дұрыс. Бірақ халықаралық стандарттарға сай бекітілген «журналистік этика» деген ұғым бар. Әрине, рейтингсіз болмайды, алайда этикадан алыстамау керек. Мәселен, бірер күн бұрын Мақтаарал ауданында бір әйел жоғалып, табылмағанына он күннен асты. Осы орайда мен олардың үйіне кіріп барып, балаларын жылатып тұрып сұхбат алуыма болатын еді, бірақ әкелері рұқсат бермеді, яғни мен этикаға сай жұмыс істедім. Дегенмен кейбір әріптестеріміз кейіпкерлерді түсіруге рұқсат алады да, мына жақта басқаша жариялап жатады. Бұл журналистік этикаға мүлдем сай емес және БАҚ саласына үлкен сын. Өңірдегі салалық журналистиканың ахуалын айтпас бұрын, оның республикалық деңгейдегі жағдайына мән беру керек. Өйткені аймақтарда салалық басылым бар екенін біле қоймаймын. Мәселен, спорт саласына келер болсақ, бізде спорт хабарларын тарататын бір ғана мемлекеттік телеарна мен 4-5 сайт пен журналдар бар. Ал экономика саласы бойынша «Atameken Business» телеарнасы ғана жұмыс істейді. Бұл – ел көлеміндегі жағдай. Мұны бір ізге түсіру үшін меніңше журналистерді емес, сол салаларда ұзақ жылдар бойы қызмет еткен мамандарды БАҚ саласына тарту керек. Шетелдегі әріптестерімнің айтуынша, бұл әдіс өзге елдерде тұрақты қолданылады екен,- деп ойын толықтырды жас журналист.

Қандай да бір мәселені талдап, талқылап жазу үшін сол саланы жетік меңгерген маман болу керек. Бұл әлбетте журналистика мамандығына да қатысты. Мәселен, қоғамда кенеттен, күтпеген оқиғалар орын алып, төтенше жағдай туындай қалса, оны халыққа дер кезінде түсіндіру қажет. Міне, осы тұста салалық журналистиканың маңызы зор. Әйтпесе, көпшілік мәселенің мәнін білмей жатып, оның артын даулы мәселеге айналдырып жіберуі мүмкін. Өз басым, әр тақырыпты бір қозғап, жалпылама мақала жазғаннан гөрі бір саланың жілігін шағып, майын ішетін, тақырыпқа аналитикалық талдау жасауға бағытталған салалық журналистиканы құптаймын, – дейді «Almaty aqshamy» газетінің Шаһар шаруашылығы бөлімінің басшысы Құралай Иманғалиқызы.

Ақпараттар ағыны тоқтамас қазіргі кезеңде журналистердің жүгі ауыр. Жер жаһанда жаңалықтардың ауқымы артқан сайын салалық журналистерге деген сұраныс жиілеп келеді. «Журналист әмбебап болуы керек» деген сөзді серік етіп жүрген еліміздің ақпарат сақшылары әр саланың басын бір шалып жүр. Ал тәжірибесі озық дамыған елдерде журналистер бір ғана саланы жазуға машықтанған. Бұл біздің елде де әр саланың өз журналисі болуы керек деген сөз. Бұл жазылған ақпараттық сапалы болуына жол ашады.

Елімізде салалық журналистика кенже қалған. Қазір экономика, медицина, қаржы мен құқықтық тақырыпта жазатын журналистер жетіспейді. Құқықтық тақырыпта жазып жүргеніме көп уақыт болған жоқ. Өзімді әлі де салалық журналистикадамын деп ойламаймын. Себебі саладағы ақпаратты ғана жазып қоймай, сараптамалық материалдар көп жазылуы керек. Сапалы ақпарат арқылы оқылымды мақала жаза білуге тиіс. Құқықтық журналистика салалық журналистиканың күрделі бағыттарының бірі. Салаға машықтанып, кез келген тақырыпты сауатты сараптама жаза алатын маман болғаны дұрыс. Әр нәрсенің басын бір шалып, болған оқиғаны құр бере салғаннан салалық журналистика дамымайды, – дейді құқық саласының журналисі Гүлжанат Сембай.

Осы тұста Германиядан келген екі журналистің әңгімесі еске түседі. Елімізде ауылшаруашылығы бойынша үлкен жиын өтіп, Германияның бір басылымынан екі журналист келіпті. Көпшілік таңданып, «екеуің де газеттің тілшілерісіңдер, біреулерің келуге болар еді ғой», – десе керек. Әлгі журналистер жазатын салаларының басқа, біреуі ауылшаруашылығының тек техника саласын жазса, екінші өсімдік шаруашылығынан қалам тербейтінін айтыпты. Демек, газет оқырмандары бір ғана жиыннан техниканың да қыр-сырымен, өсімдіктің де жай-күйімен таныса алады. Міне, нағыз салалық журналистиканың көрінісі. Бізге де осы бір бағытты қамшылау керек. Себебі    салалық журналистика – сапалы ақпарат кепілі.