ТҮРКІСТАН ӨНІМДЕРІ ӨЗБЕКСТАНҒА ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Өзбекстан Республикасының Ургенч қаласында Үкімет басшыларының қатысуымен «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбында Өзбекстан мен Қазақстанның аймақаралық ынтымақтастығының 2-ші форумы өтіп жатыр. Онда Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда қатынастарын одан әрі дамыту мақсатында жалпы сомасы 50 млн. АҚШ долларын құрайтын 3 экспорттық келісімшартқа қол қойылды. 

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жақын күндері әкімдіктің қолдауымен Түркістан облысынан Өзбекстан Республикасына трансформатор жабдықтарын, күркетауық еті мен мұздатылған сиыр етін жеткізу жолға қойылады.

Форум аясында екі елдің жетекші кәсіпорындарының көрмесі өтіп жатыр. Онда Түркістан облысының кәсіпкерлері форум қатысушыларын өз өнімдерімен жан-жақты таныстыруда. Туристік компаниялар өз кезегінде туристік жарнамалық материалдарын қойып, оңтүстік өңірінің туристік әлеуетін насихаттауға мүмкіндік алуда. Бұл шара көрші елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастық қарқынын арттыра түсуге ықпал етері сөзсіз.