ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ШАХМАТТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҮЗДІК БЕСТІККЕ ЕНДІ

112
0
Шымкент қаласының О.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің оқушылар командасы шахматтан әлем чемпионатында 5 орын алып, үздік бестіктер қатарына енді. Тамыз айының 2-5 күндері Ақтау қаласында мектеп командалары арасында шахматтан әлем чемпионаты өтті. Турнирге әлемнің 53 елінен барлығы 400 оқушы қатысып, зияткерлік сайысқа түсті. Әлемдік додаға Қазақстаннан Астана, Алматы, Шымкент, Актау , Атырау, Павлодар өңірлерінің мектептері қатысқан болатын.
Жалпы турнир қорытындысы бойынша 1 орынды Үндістандық оқушылар, 2 орынды Украинадан келген оқушылар командасы алса, 3, 4, 5, 6 орындарды Қазақстандық оқушылар командалары иеленген. «Шахматтан бұндай жоғары көрсеткіштерге жетуіміздің бірден-бір себебі Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, еліміздегі білім ұйымдарында шахмат үйірмелерін енгізуге аса көңіл бөлінуі деп ойлаймын. Мысалы, Шымкент қаласынның барлық білім ұйымдарының бастауыш сыныптарында шахмат пәні үйірме ретінде өтіп жатқанына биыл төртінші жыл болады. Шахматты мектеп табалдырығынан игеру, ол болашақта зиялы, білімді, талантты, шығармашыл, ақыл-ойы мықты дамыған жастарды тәрбиелеуде бірден-бір мықты құрал болып табылады»,- деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиева. Айта кету керек, қалада 2025 жылға дейін тағы 3 оқушылар сарайы мен 8 өнер мектебі салынады. Бұл орталықтар өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, жан-жақты дамытуда маңызы зор. Бұған дейін Шымкенттің Нұрсәт шағынауданында мегаполистің кескін-келбетін айшықтайтын 500 орындық сәулетті ғимарат — балалар шығармашылығын дамытуға жол ашатын оқушылар сарайы ашылған болатын. 4 ауысымда жұмыс істейтін ғимаратта бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ балалар мұнда футболға баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады. Сән-салтанаты келіскен әсем ғимаратта оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді үйлестіре отырып, қарым-қабылетін дамытуға барлық жағдай жасалған.