ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ШАРУАЛАРДЫ ЗАМАНАУИ ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ҚОЛДАНУҒА ШАҚЫРДЫ

215
0

Шымкентте барлық агроқұрылымдар дизель отынына еш кедергісіз қол жеткізуде.  Тапшылық жоқ.

Көктемгі дала жұмысын бастап кеткен шымкенттік шаруалар қала әкімі Мұрат Әйтеновпен жүздесу барысында осылай деді.  

Естеріңізге сала кетсек, Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкентте көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай құны 174 теңгеден 160 теңгеге төмендетілді.

Қазіргі таңда қалада  ауыл шаруашылығы саласы өндіріспен қатар дамып келеді. Жалпы қала аумағында 62 мың гектардан астам жер бар. Биыл егіс алқабын өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға ұлғайтып, 27,6 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.

Агросервис «БМБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаладағы ең ірі қожалықтың бірі.  Серіктестіктің 3 мың гектардан астам ауылшаруашылық жері бар. Оның 2400 гектарына бидай, арпа, мақсары, жоңышқа сынды түрлі өнімдер егілген. Осы жылға қажетті 200 тонна тыңайтқыш пен 40 тонна жанар-жағармайды дер шағында алған.

«Әрдайым ауыспалы егін түрін қолданамыз. Бұл жердің тыңайып, күш жинауына мүмкіндік береді. Мемлекеттен уақытылы жанармай мен тыңайтқыш алып, дәнді дақылдарды сеуіп үлгердік. Енді бидайды дәрілеп жатырмыз. Сәтін салса, биыл да мол өнім аламыз деп отырмыз. Оған қоса солтүстіктен де біздің бидайға деген сұраныс артқан. Өйткені соңғы жылдары жергілікті дәнді дақылдың кликавинасы жоғары болған»,- дейді шаруашылық басшысы Манасбай Бекбауов.

Қожалық иелігіндегі жер бұған дейін Түркістан облысы, Төлеби ауданына қараған. Қазір Шымкенттің аумағына өткен.

Қожалық егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Қажетті мал азықтық жем-шөбін өзі дайындап алады.

Бұдан бөлек ол, 10 гектар жерге алма бауы мен жүзім және жаңғақ бауын егіпті. Биыл таңқурай егуді қолға алмақ.

Қала әкімі қожалық басшысына болашақта егістік алқаптарға заманауи суару қондырғыларын пайдалану керектігін жеткізді.

Әкімнің бұл ойын шаруа иесі қолдап,  қаржылай көмек болса жаңбырлатып суару әдісімен аз жерден мол өнім алуға болатынын айтты.

Мұрат Дүйсенбекұлы шаруаларға агроқұрылымда мейлінше заманауи қондырғыларды қолданып, тиімді жұмыс істеуге шақырды.

uakit.kz