ШЫМКЕНТ: ҚЫЛМЫС ДЕҢГЕЙІ 39 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕГЕН

291
0

Бүгін Ақпараттық коммуникациялар орталығында Шымкент қаласы Полиция Департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетовтың қатысуымен төтенше жағдай кезінде қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша онлайн-брифинг өтті.



Департамент басшысының мәлімдеуінше, қазіргі таңда карантинге байланысты қалада 2000-нан астам адам тәулік бойы 3 ауысымда қызмет етуде. Оған 1206 полиция қызметкері, №35748 Әскери бөлімінің 196 сарбазы, 559 Ұлттық Ұлан сарбазы және 216 медицина мамандары жұмылдырылған. Айта кетерлігі, жыл басынан қала аумағында жалпы қылмыстың саны 17%-ға, төтенше жағдай кезінде 39%-ға төмендеп отыр.

— Коронавирус індетінің алдын алу бағытында полицейлер тарапынан үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Қалада қауіпті індетке орай 60 ошақ пен 6 провизорлық орталық бар. Көшелер мен қиылыстарда 20 бұғаттау бекеті қойылып, оған 300-дей полиция қызметкері жұмылдырылды. Көліктер мен азаматтардың қозғалысы қызметтік планшеттердің көмегімен қатаң тексеріліп жатыр. Рұқсаты жоқ автокөліктердің қозғалысына жол берілмеуде, — деп атап өтті Полиция департаментінің басшысы.

Ералы Жұмаханбетов атап өткендей, Шымкенттің кіреберістеріндегі 18 блок-бекетте бүгінде 195 полиция қызметкері жұмылдырылған. Осы күнге дейін блок-бекеттерден жалпы 67367 автокөлік (47836 азамат)  тексерілген. Оның ішінде қаладан шыққан 12130 автокөлік (16289 азамат); қалаға кірген 20803 (26962 азамат); транзит 2790 (4585 азамат) тексеріліп өткізілген; рұқсаты жоқ 31653 автокөлік өткізілмей, қайтарылған.

Төтенше жағдай кезеңінде, қойылған шектеулер мен санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 869 тұлғаға ӘҚБтК-нің 476-бабымен әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 354-і бойынша Мамандандырылған әкімшілік сотымен шешім қабылданып, 76 жайт бойынша тұлғалар әкімшілік қамауға алынған, 127 тұлғаға айыппұл салынған, 151 тұлғаға ескерту берілген. Сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде 6 қылмыстық іс тіркелген.


Брифингте Ералы Мұсаәліұлы қалада рұқсат алған автокөліктердің иелері және азаматтардың басым бөлігі төтенше жағдайға немқұрайлы қарап жатқанын да тілге тиек етті.

— Мониторинг жүргізу барысында көшеде бейберекет жүргендер, көпқабатты үйлердің ауласында балалары бетпердесіз және ата-ана қарауынсыз жүргендері анықталуда. Осы орайда, қала тұрғындарына айтарымыз, полиция тарапынан айтылған талаптарды орындауға шақырамын. Қабылданып жатқан шаралар ең алдымен індеттің таралуына жол бермеуге және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге бағытталған. Азаматтардың тарапынан құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік шара қолданылады. Сын сағатта бірлесе отырып, күш-жігерімізді жұмылдырсақ, бұл індетті жеңіп шығамыз, — деді Е. Жұмаханбетов.