ҚЫЗЫЛ СУ ҚИРАТҚАН ҮЙЛЕР ҚАЙТА САЛЫНУДА

356
0

Ағымдағы жылдың 13-мамырында толассыз жауған жауын салдарынан Түркістан облысы, Төлеби ауданында сел жүрді. Қатты жауған нөсерден өзендердің су деңгейі бірнеше есеге көтеріліп, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 250 тұрғын үйдің ауласына, оның ішінде 76 үйге су кірген болатын. Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан Жоғарғы Қасқасу елді мекеніндегі «Қасқасу» өзені бойында орналасқан 4 көпірді су шайып кеткен. Сол кезде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев су басқан елді мекендерде белгіленген 4 сектор бойынша тиісті жұмыстарды атқаруды Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Төлеби аудандарының әкімдеріне бекіткен болатын.

Көп ұзамай бірер тәуліктен соң арнайы техникалардың көмегімен аулаларға жиналған сулар сыртқа айдалып, сел салдарын жою жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар жергілікті басшылық селден сау тамтығы қалмаған 4 көпірді қайта салу үшін жобалық құны 82,8 млн. теңгені құрайтын құжаттамалар әзірленгенін мәлім етті. Және де 38 үйдің селден жапа шеккені белгілі болып, олар қайта салынуы қажеттігі анықталды.

Қазіргі таңда сол апатты деп танылған 38 баспана толық сүрілді. Бүгінде 28-нің іргетасы қаланды. Құрылысшылар бірнеше үйдің қабырғасын қалауға кірісіп кеткен. Жауаптылар құрылыс жұмыстарын алдағы шілде айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Қызыл су кесірінен қайта салынып жатқан үйлердің құрылысымен төтенше жағдайға қатысты құрылған комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев танысып қайтты. Ол мердігерлермен кездесіп, құрылыстың сапалы атқарылуы бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

uakit.kz