ШЫМКЕНТТЕ 200 ОРЫНДЫҚ ПРОВИЗОРЛЫҚ СТАЦИОНАР АШЫЛДЫ
Инфекциялық дерттің өршуіне байланысты Шымкент қаласында қосымша 200 орынға арналған провизорлық стационар ашылды. Мұнда ЖРВИ және пневмония белгісі бар науқастар ем қабылдайды. Стационар ашылған алғашқы күннің өзінде жедел жәрдеммен жеткізілген 20 науқас жатқызылды.
Провизорлық орталыққа медициналық ұйымдардан арнайы мамандар шақыртылған. Сондай-ақ, өкпесі зақымданған азаматтардың денсаулық жағдайын жақсарту үшін оттегі балондарын қолдану мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, қалада осыған дейін 1420 төсек-орын ашылған болатын. Оның ішінде 690 орын инфекциялық, 290 — карантиндік, 440 провизор төсек-орны.
Бүгінде Шымкент қаласында жедел жәрдем қызметіне жүгінетіндердің саны артқан. Күніне 2000-ға дейін қоңырау түседі. Науқастардың дені ЖРВИ және пневмония сынды жұқпалы ауруларға шағымдануда. Қолайсыз эпидемиялогиялық ахуалға байланысты медицина мамандары сақтық шараларын күшейту қажеттігін тағы да еске салады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.