АГРОСАЛАДА ЖАРТЫ ЖЫЛДА 325,3 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ

Ел іргесінің бүтіндігі мен экономиканың басты тірегі — ауыл шаруашылығы екені даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аграрлық саланы жүйелі дамыту, отандық өнім көлемін арттыру және өндіріске заманауи технологияларды батыл енгізу жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы тапсырмаларды орындау бағытында Түркістан облысы орасан зор әлеуетін толықтай іске қосып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ірі агроөнеркәсіптік орталыққа айналып келеді. Өңірде соңғы жылдары қолға алынған кешенді реформалар мен нәтижелі жобалар аймақты республика бойынша көшбасшы орынға шығарды.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Түркістан облысында 325,3 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ еліміздің басқа өңірлерін артқа тастап, бірінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ өңірде шикізат дайындаудан бұрын, оны терең өңдеп, дайын өнім шығаруға айрықша маңыз берілуде. Мәселен, жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешенге 153,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге өсті. Инвестиция ағыны, ең алдымен, тамақ өнеркәсібін өркендетуге бағытталған. Алты ай ішінде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 96,6 миллиард теңгені құрап, 126,2 пайыздық өсім көрсетті. Атап айтқанда, ет өнімдерін өңдеу 172,1 пайызға, өсімдік майын өндіру 136,7 пайызға, сусындар өндірісі 139,6 пайызға, ал ұн-жарма, балық және жеміс-көкөніс өңдеу көрсеткіштері де едәуір арта түсті. Мұның бәрі Түркістанның тек аграрлық шикізат беруші емес, қуатты қайта өңдеу хабына айналғанын айғақтайды. Отандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі де артып келеді. Жыл басынан бері облыстан 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және өңделген өнім шетелге экспортталды. Бұл — өткен жылғы межеден 2 есе көп. Экспорт құрылымының негізін 642,4 мың тонна өсімдік шаруашылығы, 25,8 мың тонна мал шаруашылығы және 236,3 мың тонна қайта өңделген дайын өнімдер құрады.
Осы орайда егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мен су үнемдеу технологияларын енгізуге де ерекше мән берілуде. Биыл егіс көлемі 8 мың гектарға ұлғайып, 919 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар, майлы дақылдар, көкөніс, бақша, картоп пен мал азықтық дақылдар егілді. Қазірдің өзінде шаруалар жүздеген мың тонна өнім жинап, ел қамбасын толтыруда. Су тапшылығы заманында өнімділікті арттырудың жалғыз жолы — үнемді технологиялар. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, биыл қосымша 50 мың гектарға су үнемдеу жүйелерін енгізу жоспарланып, қазірдің өзінде бұл меже 74 пайызға орындалды. Нәтижесінде жалпы қамтылған аумақ 164 мың гектарға жетіп, жыл сайын 280 миллион текше метр су үнемдеуге мүмкіндік туады. Түркістан өңірінің мал шаруашылығындағы үлесі де ерекше. Еліміздегі ірі қара малдың 13 пайызы, қой-ешкінің 20 пайызы, жылқының 10 пайызы және түйенің 14 пайызы осы аймаққа тиесілі. Жарты жыл ішінде өңірде 116,3 мың тонна ет, 271,8 мың тонна сүт және 170,8 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Ең бастысы, Түркістан — еліміздің ет экспортындағы басты драйверге айналды. Қазақстаннан сыртқы нарыққа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, ал қой етінің 75 пайызы дәл осы Түркістан облысының үлесінде.
Алдағы жылдарға қойылған жоспарлар да ауқымды. Өңірде 2026-2028 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жол картасы бекітілді. Құны 269 миллиард теңгені құрайтын 43 жоба аясында 2 115 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал биылдың өзінде 96,3 миллиард теңгенің 19 жобасы қолға алынып, қазірдің өзінде бірқатары іске қосылды. Мәселен, Сайрам ауданында заманауи сусын зауыты мен ірі мал бордақылау алаңдары, Қазығұрт пен Отырар аудандарында жаңа бордақылау кешендері ел игілігіне қызмет ете бастады. Мұның бәрі — жаңа жұмыс орындары, тұрақты табыс және ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Түркістан облысы бүгінде өндірісі өркендеген, экспорты еселенген, инвестициялық тартымдылығы жоғары қуатты аграрлық өңір ретінде бой көтеріп келеді. Қолға алынған жүйелі реформалар мен ірі жобалар аймақ экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұтас еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің берік кепіліне айналуда. Еңбекқор ағайынның маңдай тері мен заманауи басқару жүйесі тоғысқан Түркістанның агросаладағы алшаң басуы алдағы уақытта да жалғасын таба берері сөзсіз.



