ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛҒАН «ТҰРАНДАҒЫ» ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?

383
0

Шымкент қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде құрылыс басқармасы тарапынан «Тұран» шағын ауданында биыл 41 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарланған. Ондағы 2768 пәтер 160,2 мың шаршы метрді құрайды. Бүгінде 29 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал 12 үйдің құрылысына дайындық жұмыстары басталған.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді. «Тұрандағы» тұрғын үйлердің құрылысын «Отау-Строй», «А.Р.Т-Құрылыс», «Корпорация Ақ ордасы», «Корпорация Сити-Строй», «Авторемстрой ЛТД», «СК Реал-Строй», «ПМК-7К», «Hadid» және «SHEBERBUILD» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері сынды бас мердігер мекемелер тарапынан жүргізілуде. Жыл соңына дейін 29 үйдің құрылысы аяқталып, 1880 отбасы баспанаға ие болады. Жобаға сәйкес тұрғын үйлер монолит бетонды. Қабырғаларына газоблок материалы қолданылды. Пәтерлер түсқағазбен әрленеді және тұрақты инженерлік жүйелермен қамтамасыз етіледі. Үйлер 9-12 қабаттан тұрады. Сондай-ақ, 1,2,3 бөлмелі пәтерлер ұсынылады. Бір бөлмелі пәтердің орташа ауданы — 40, екі бөлмелі пәтердің аумағы — 60, үш бөлмелі пәтердің аумағы -75 шаршы метр болады.
Тапсырылатын тұрғын үйлерді «Отбасы банк» акционерлік қоғамы және екінші дәрежелі банктер арқылы «7-20-25» бағдарламасымен алуға болады. Пәтерлердің 1 шаршы метр бағасы бағдарламаға сәйкес 180 мың теңгені құрайды.