САПАҒА ҚАТЫСТЫ СЫН БОЛМАУЫ КЕРЕК

454
0

Бүгінде Шымкенттегі әкімшілік іскерлік орталықтағы 56 пәтерлі 9 қабатты №41, 42, 43, 46, 47, 48 тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мұндағы тұрғын үйлерді «Атамекен Корпорациясы» және «Югстройсервис-Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. Мердігер мекемелер №46, №47, №48 үйлердің құрылысы маусым айында, №41, №42, №43 үйлердің құрылысы қыркүйек айында аяқталатынын алға тартады.

Әкімшілік іскерлік орталықтағы 56 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үйлердің ішінде 1 бөлмелі– 96, 2 бөлмелі – 96, 3 бөлмелі – 144 пәтер бар. Аталған үйлер пәтер кезегінде тұрған азаматтарға арендалық негізде беріледі.
Шаһар басшысы тиісті сала басшысына мердігер мекемелердің жұмысты сапалы орындауын бақылауды, кемшіліктер орын алса дер кезінде қайта қалыпқа келтіруді тапсырды.
Бұдан бөлек, қала әкімі Арғынбеков көшесінің бойында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысын да тексерді. Аталған көше бойындағы №1, 2, 3, 4 тұрғын үйлер 9 қабаттан, 216 пәтерден тұрады. Пәтерлердің жалпы аумағы 14 074 шаршы метрді құрайды. Мердігер мекемелер «Югстройсервис-Н» және «Орион ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Ондағы 1 бөлмелі пәтерлердің аумағы 45-49 шаршы метр (72 пәтер), 2 бөлмелілер 62-66 шаршы метр (72 пәтер), 3 бөлмелілер 77-82 шаршы метр (72 пәтер) аралығында. Тұрғын үйлердің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Пәтерлер тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша кредиттік негізде үлестіріледі.
Әкім мердігер мекемелердің басшыларымен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысына қатысты «Әрбір үй осы үйде өзім немесе туысым тұруы мүмкін деген оймен салынуы керек», деп құрылыс сапасына қатысты тұрғындар тарапынан қапа болмау керектігін ескертті.