ШЕБЕРЛІК САҒАТТАРЫ ТӘЖІРИБЕНІ ШЫҢДАЙДЫ

461
0

Өкінішке орай елімізде ағза ауыстыру операциясына мұқтаж азаматтар саны көбейіп келеді. Сондықтан да күрделі отаның бұл түріне қатысты мәселеге көп көңіл бөлініп келеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда ағза ауыстыру операцияларын жасау жағынан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары мол тәжіриге ие. Одан кейінгі орында Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасы тұр. Алдағы уақытта аталған клиникалық аурухананы еліміздегі трансплантологиялық орталыққа айналдыру көзделіп отыр. Осы мақсатта жыл басынан бері үшінші мегаполистегі №1 қалалық клиникалық ауруханасында жергілікті дәрігерлерге шетелдік мамандардың қатысуымен «Туыстық бауыр трансплантациясы» бойынша 2 шеберлік сабағы өткізілді.
Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.
Басқарма басшысы бүгінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында бауыр трансплантациясына – 50, бүйрек трансплантациясына – 1 076 адам мұқтаж екенін, сол үшін де бұл салада мамандардың тәжірибесін толыстыру бағытындағы жұмыстарды жандандырудың маңызы зор екенін атап өтті. Бұл тұрғыда қаладағы дәрігер-трансплантолог мамандарды алыс және жақын шетелдерге біліктілігін арттыру курстарына жіберу жоспарланғанын айтты. Бұдан бөлек ол, қалада бауыр, бүйрек сынды ағзасы сөніп, ауыр жағдайда жүрген азаматтардың сырқатын жеңілдететін трансплантология, гепатологиялық және гемодиализ орталықтарын ашу көзделіп отырғанын да жеткізді.
Брифинге №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай да қатысты. Ол өз жақындарына донор болған туыстық оталарға қатысты мәлімдеме жасады.
– Шымкент қаласында ең алғашқы бүйрек трансплантациясы 2013 жылы басталды. Ал ағзадағы бауырды ауыстыру отасы 2014 жылы қолға алынған. Бүгінге дейін үшінші мегаполисте трансплантология бойынша бүйрекке 166, бауырға 24 ота жасалды. Ал биыл шеберлік сабағы аясында жеті жыл бауыр циррозымен ауырған 53 жастағы Гүлмира Көшкінбаеваға жедел түрдегі бауыр трансплантациясы қажет болды. Науқастың ұлы Бауыржан Бүркітбаев өз еркімен донор болуға келісті. Одан бөлек, 43 жастағы науқас Нұрғазы Бұйрабаевтың бауырына ота жасадық. Ол кісіге әпкесі Толқын Бұйрабаева донор болды. Нәтижесінде, екі операция да сәтті аяқталды. Қазіргі таңда бәрінің жағдайы қанағаттанарлық.
Осылай деген Абылай Әбдіжаппарұлы бауыр мен бүйрек трансплантациясын жүргізу пациенттердің өлімін азайтуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Айта кетейік, жоғарыда аталған оталарды реципиентке (науқасқа) Склифосовский институтының дәрігерлері профессор М.С.Ноурузбаев, м.ғ.д. О.Д.Олисов және Б.С.Байтөре, ал донорға №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері А.А.Донбай, Д.А.Қабылов және Р.Ж.Үмбетжанов жасаған.