2021 ЖЫЛДАҒЫ МЕРЕКЕДЕ ШЫМКЕНТТЕ 21 АРДАГЕРГЕ ТАРТУ ЖАСАЛДЫ

325
0

Биыл Ұлы Жеңіске 76 жыл. Сұрапыл соғыстың аяқталғанына уақыт зулап, жылдар жылжып өтсе де, майданның жүректерге салған жарасы әлі ұмытылған жоқ. Жеңістің дәмін тату үшін етікпенен су кешкен сол кездегі ерлеріміздің қатары күн сайын азайып бара жатқаны да өкінішті. Мәселен, былтыр Шымкентте Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында от пен оқтың ортасындағы сұм соғысты 40 ардагер көздеріне жас алып еске түсірген. Биыл қаладағы 21 ардагер аспанымыздың бейбіт, еліміздің тыныш болуын, сол кездегі сұм соғыстың келмеске кетуін тілейтін болады.

Шымкентте 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай 21 қарт майдангер 360 АЕК көлемінде немесе 1 050 120 теңге әлеуметтік көмек берілді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, қаражат барлық соғыс ардагерлерінің есеп-шоттарына толығымен аударылған.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың шешімімен 3307 тыл ардагеріне 12 АЕК, яғни 35 мың теңгеден астам бір реттік ақшалай төлем жүргізілуде. Тыл ардагерлеріне барлығы 115 млн 758 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген.
7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға, атап айтқанда, Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер, 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан азаматтарға, Семей полигоны ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған, радиациялық апаттар мен авариялардан зардап шеккен азаматтарға 36 АЕК (105 012 теңге) көлемінде ақшалай көмек аударылады.
Жалпы, бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша зейнеткерлер саны – 82 124 болса, оның ішінде 21 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Сондай-ақ, 3307 тыл еңбеккері және 1728 ҰОС қатысушыларға теңестірілген азаматтар тұрады.
Бұдан бөлек, Шымкент қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қолға алуымен алдағы Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекесіне орай Шымкент көшелеріне үздік сарбаздардың суреті бар билбордтар ілінуде.
Билбордта бейнеленген Отан қорғаушылар Шымкент қаласынан әскерге шақырылып, сапқа тұрған азаматтар болып табылады. Олар үлгілі тәрбие, мінсіз міндетімен тек ата-анасының ғана емес, қала мақтанышына айналып отыр. Мұндай шараны қолға алудағы мақсат – Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүрген азаматтардың ісін өскелең ұрпаққа үлгі ету.