ҚАЛА ӘКІМІ ҚАЙНАРБҰЛАҚ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

74
0
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты Қайнарбұлақ тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті.
Аталған елді мекендегі №83 жалпы орта мектептің ғимаратында өткен кездесу барысында қала әкімі халықты ауыз су, сапалы электр қуаты және табиғи газбен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, көпшілікті мазалаған сауалдарға жауап берді.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгінде барлық деңгейдегі әкімдер әр тоқсан сайын тұрғындармен кездесіп, оларға есеп беріп отыруы керек. Бірақ, бұл жолғы кездесуіміз ол кестеден тыс ұйымдастырылып отыр. Жылдың басында қаладағы барлық шағын аудандар мен тұрғын алаптарды аралап, биыл атқарылатын жұмыстар жайлы өздеріңізге мағлұмат беріп өтсек деген ниетпен алдарыңызға келіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Қайнарбұлақта ауыз су жүйесінің және сапалы электр желілерінің құрылысы басталған еді.
Биыл бұл жұмыс толығымен аяқталады. Ал, табиғи газ бағытында айтар болсақ, биыл тұрғындардың 70 пайызына табиғи газды жеткізіп беруді көздеп отырмыз, құрылыс жұмыстары 2024 жылы толығымен аяқталады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар қала әкімі тұрғындарды мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан қолдауларды пайдалана отырып, кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды. Шаһар басшысының айтуынша, Үкімет тарапынан ұсынылған қолдау шараларына қоса қала әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Іскер қала» бағдарламасы бар.
Айта кетейік, кездесу барысында М.Әйтенов тұрғындардың барлық сауалдарына жан-жақты жауап берді. Сондай-ақ, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов пен Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков те баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.