САНАҚҚА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

492
0

Шымкентте 2019 жылдан бері кейінге шегеріліп, осы жылдың қазан айына жоспарланған ұлттық халық санағына дайындық жұмыстары басталып кетті. Осы аптада ауқымды шараға байланысты қалада ұйымдастыру мен нұсқаушылық мәселелерін шешу жөніндегі арнайы комиссияның отырысы өтті.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Басқосуда аудан әкімдерінің, басқарма басшыларының ұлттық халық санағына дайындық жұмыстары пысықталды.
Жиынға қатысушылар ұлттық халық санағының маңыздылығына тоқталып, бұл жолғы санақтың бұрынғыдан басты ерекшелігі – электронды форматта өткізілетіндігі айтылды. Бұл үшін дайындық жұмыстарын жандандыру қажет.
Комиссия отырысында Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев ұлттық халық санағына дайындық барысы туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, 1-30 маусым аралығында халық санағына дайындық кезеңі өткізіледі (санақтың 1-кезеңі). Яғни тұратын халық саны мен мекенжай бөлігін нақтылау үшін тұрғын жайларды, тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) мен тұрғын емес үй-жайларды аралау жұмыстары жүргізіледі. Және аталған жұмыстарды жүргізу үшін 300-ге жуық санақ персоналын (38 нұсқаушы-бақылаушы, 263 интервьюер) тарту қарастырылған.
Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты халықпен тікелей байланыста жұмыс істеп, санақ жүргізетін персоналды вакцина егілген адамдардың арасынан тарту мәселесі айтылды. Бүгінде аудандарда ұлттық санаққа жәрдемдесу комиссиялары құрылып, жауапты мамандар бекітілген. Шымкент қаласында тұрақты және уақытша тұратын, бірақ тіркелмеген тұлғаларды дер кезінде анықтап, олардың дұрыс тіркелуі мен толық есепке алынуын тексеру жұмыстарын жүргізу халық санағын өткізудің дайындық жұмыстарының маңызды бір бөлігі екені де айтылды. Комиссия отырысында басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне дайындық мәселелеріне қатысты тиісті тапсырмалар жүктелді.