«Оңтүстіктің барысы» – Назар Ерсұлтанов!

Мақтаралда «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған 56-шы және республикалық «Қазақстан барысына» іріктеу турнирі өтті. Айтулы жарысқа облыстың барлық аудан-қалаларынан 80-нен астам спортшы қатысты. Ашылу салтанатында аудан әкімі Серік Тұрбеков, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бахтияр Тайжан сөз алып, балуандарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, белгілі ғалым, ОҚМПИ-дің ректоры О.Аяшев пен жазушы Еркінбек Тұрысов ақ тілектерін ақтарды. Облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев та жарыстың деңгейі жылдан-жылға көтеріліп келе жатқанын айтты.

Сонымен, 60 келіде Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық институтының балуаны Бауыржан Әбілқас жеңімпаз атанса, 70 келіде ордабасылық Еркебұлан Байжігітов чемпион болды. Ал, 80 келі салмақ дәрежесінде ОҚМПИ спортшысы Әділжан Ыстыбаев топ жарды. 90 келіде отырарлық Самат Есеннің мерейі үстем болса, +90 келі салмақ дәрежесінде Назар Ерсұлтанов (ОҚМПИ) жеңіс тұғырынан көрінді. Командалық есепте ОҚМПИ командасы топ жарды.
Нағыз тартысты белдесулер «түйе балуандар» сайысында орын алды. Бұл сынға талай дүбірлі бәсекелерде жүлде алып жүрген алып денелі, салмағы ауыр, тәжірибелі жігіттер қатысты. Сөйтіп, жартылай финалға 4 балуан суырылып шықты. Солардың бірі Назар Ерсұлтанов іріктеу кезеңіндегі жекпе-жектерінің бәрінде қарсыластарын мерзімінен бұрын айқын басымдықпен ұтты. Ол отырарлық Жолдасбек Бектұрсыновты 15 секундта ұтса, келесі қарсыласын 20 секундта боз кілемге атып ұрды. Ширек финалда ордабасылық Ерғали Нұршабаевты  4 минутқа жеткізбей жеңді. Жуырда ғана «Шымкент барысы» атанған тарланды жартылай финалда Сабыржан Әбілдаұлы (ОҚМПИ) күтіп тұрды.  Сабыржан да үш белдесуде жеңіске жеткен болатын. Қос мықтының тартысында алғашқы минуттардан-ақ Назар мықтылық таныта бастады. Сабыржан қанша тырысқанымен, өзінен 53 келі ауыр қарсыласын көтере алмады. Осылайша, екі рет жартылай жеңіс ұпайын иемденген Назар балуан ақтық сынға шықты.
Келесі жас балуан Самат Есен суырылып шықты. Ол Сәкен Бөлегеновті 4 минут 40 секундта жамбасқа атып ұрды. Сөйтті де финалға жолдама алды.
Ақтық сында Назар Ерсұлтанов пен Самат Есен белдесті. Екі жігіт те «Қазақстан барысына» жолдама алды. Назардың салмағы 156 келі болса, Саматтікі 91 келі еді. Жас айырмашылығы 10 жас. Дегенмен, жас балуан алып Назарға 3 минутқа дейін ғана қарсылық көрсетті. Осылайша, салмағы да, тәжірибесі де басым болған Назар Ерсұлтанов жеңіске жетіп, «Оңтүстіктің барысы» атанды. Жеңімпазға Мақтарал ауданы әкімі Серік Тұрбеков пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бахтияр Тайжан су жаңа «темір тұлпардың» кілтін тапсырды.

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.

ПІКІР ЖАЗУ