АУЫЛДА МАЛ ЖАЯТЫН ЖЕР ҚАЛМАДЫ

520
0

 

d9a2d9a2d1d19fd6544cab90f58dbb33Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауыл округіне қарасты Талап ауылында болған жайды сіздерге хат арқылы жазып отырмыз. Талап ауылының тұрғындарына тиесілі 107 га жайылымдық жерді 2013 жылы белгісіз кәсіпкерге аудан әкімі конкурстық негізде сегіз жылға сатып жіберген. Ол жер Талап ауылының тұрғындарының пайүлестік жайылым жері болатын. Осы жерді ауыл тұрғындарымен санаспастан, өздерінің кім екендіктерінде таныстырмастан бау егуі үшін жерді жыртып, қоршау жұмыстарын бастап кетті. Нәтижесінде ауыл тұрғындары малдарына жайылым жер болмағандықтан қолда ұстауға мәжбүр болып отыр.

Ашынған халық 2014 жылы 27 наурыз күні 31 телеарна журналистерін қатыстыра отырып Боралдай ауыл округінің әкімі Қаратаев Мұхтарға әділдік сұрап бардық. Ол бұл іске өзінің ешқандай қатысы жоқтығын аудан әкімінің шешімімен жердің берілгендігін айтып шығарып салды. (мына сілтемеден көре аласыздар http://31.kz/video/show/id/1502) Сол күні шамамен түңгі 22:00 шамасында жерді жалға алушылар бүкіл техникасымен, қарулы адамдарымен ауыл көшесіне түсіп ауыл жастарын қорқытты. Біраз айқай-шу болып тарқасты. Ертесіне, яғни 28 наурыз күні Бәйдібек аудандық прокуратурасының өкілі шұғыл жасағымен келіп, өзін таныстырмастан түсіндіру жұмыстарын жүргізбек болды. Ауыл тұрғындарының наразылығына құлақ аспастан, дөрекілік көрсетті (барлық дөрекіліктерді ауылдың жастары ұялы телефонмен видеоға түсіріп алды). Бұл келген азамат та ештеңе шеше алмады.
Сіздерден Талап ауылы тұрғындарының өтініші осы жер дауын әділдікпен, заңға сәйкес жолмен халықтың пайдасына шешіп берулеріңізді сұраймыз. Олай дейтін себебіміз де бар.
Біріншіден, ол жерді бұрыннан мал жайылымы ретінде ауыл тұрғындары пайдаланып келген. Екіншіден, жекешелендіру кезінде ауыл тұрғындарының пайүлестеріне жайылымдық жер ретінде берілген.
Үшіншіден, ауыл тұрғындарына мал жаятын жер қалмады.
Төртіншіден, ол жерге бау егетін болса, ауыл тұрғындарына бұлақтың суы мүлде жетпей қалады.
Бесіншіден, жел өтіндегі жайылым жерді жыртқандықтан топырақ жамылғысы жел эрозиясына ұшырауы әбден мүмкін.

Осы хабарлама хатты аяқсыз қалдырмассыздар деген сеніммен жазып отырмыз.

Талап ауылының тұрғындары атынан қол қойған 82 адам