Біз не айттық, жауап не дейді? Бізді осы мәселе таңдандырып отыр

459
0

44444444444Баспасөз бар уақытта қоғамда болып жатқан болымсыз жәйттерді жария етіп, олқылықты орнына келтіру үшін тиісті орындарға сауал жібереді. Біз баспасөз заңдылығына сай осы қағидадан ешқашан ауытқыған емеспіз. Талай сындарымызға құқықтық және мемлекеттік органдар дер кезінде «ақты – ақ, қараны – қара» деп құжаттар жүзінде берілген жауаптарына қанағат сезімін білдіріп, оны оқырманның назарына ұсынып келеміз. Желтоқсанның басында «Сұмдық-ай» деп айқайлатып айдар тағып, ОҚО прокуроры И.Иманов мырзаның назарына «Өткен күндер, салықтан жалтарғандар және бүгінгі «Автонұр» немесе базардың салығы шынымен төленбеген бе?» деген тақырыпта осы «Автонұр» ЖШС-нің ресми құжаттарына байланысты орын алған заңсыздықтар және салықтан жалтару мәселесіне байланысты сын мақаланы жария еткенбіз.  Болған жайдың анығы мен қанығына байланысты біз күткен жауап та бізді көп зарықтырмады.

Облыстық прокуратура ОҚО қаржы полициясына, бұл мекеме өз кезегінде қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, тексеру іс-шараларын Шымкент қаласының Абай аудандық Салық басқармасына сырғыта салған. Біз не дедік? Біз не жаздық? Біз нені қозғадық? Бұл аталмыш мақалада тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Онда негізінен ауқымды екі мәселе қозғалған. Бірі – базарға қатысты құжаттардың дұрыстығы мен бұрыстығын нақтылау болса, екіншісі – әділет басқармасынан өткенге дейінгі салық төңірегіндегі дүдәмал тірліктер төңірегінде еді. ОҚО Қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары С.Мырзалы мырза айтылған және сұралған заңсыз әрекеттерге байланысты ләм-лим демей, басқа бір жауаптарды жолдап, қалғанын Абай ауданына қарай аудара салған. Ал Абай ауданы бойынша Салық басқармасы басшысының орынбасары А.Жамалов көкейде күдік болып тұрған 2007-2009 жылдардағы салықтың төлену жағдайы жөнінде бір ауыз сөз айтпайды, оның сомасының мөлшерін де көрсетпейді. Қай жылы қанша салық «Автонұрдың» есебінен мемлекеттің қоржынына құйылғандығы жөніндегі са-уал  да сол құпия күйінде қалып қойған.
Баспасөз біреудің артына шам алып түсіп, оны сүріндіруді мақсат тұтпайды. Бұл жердегі мәселені біз жазылған мақалада кәдімгідей барын бар, жоғын жоқ деп құжат жүзінде нақтылы дәлел етіп келтіргенбіз. Енді соның нақтылы жауабын ала алмай дал болып отырмыз. Егер ОҚО прокуроры тікелей осы мәселені өзінің жеке назарына алып, тексеру іс-шарасын қайыра бір өткізуге пәрмен берер болса, онда барлық нәрсе алақандағыдай айқын болар еді. Жауап та соған лайық жазылар еді. Әзірше базар салықтан, құқық қорғау органдары мен салық басшылығы үтір- нүктесі түгенденген ашық жауаптан жалтарып отыр. Жанымызды жабырқатқан, оқырманды ойландырған толыққанды жауап Жаңа жылдан соң келеді деген үмітімізді үзгіміз келмейді.

Гүлжамал МҰСАЕВА

Редакциядан:
Біз салмақты прокуратурадан бастап, аудандық салық басқармасына дейін салдық. Бірақ дәл осы жағдайға байланысты бір кездері Қаржы полициясын, бүгінде ОҚО Салық департаментін басқарып отырған білікті басшы, принципшіл азамат Алтынсары Үмбеталиев мырзаны да осы әңгіменің ауқымынан тыс қалмайды деп ойлаймыз. Сол сеніміміз алдағы уақытта ол кісінің жекелей қадағалауымен нақтылы шешімін табатынына ешқандай күмән келтірмейміз. Базар төңірегіндегі біз қозғаған мәселе алдағы жылда да назарымыздан тыс қалмайтындығын ескерткіміз келеді.