М.БАЙҒҰТТЫҢ АБАЙТАНУШЫ ҒАЛЫМҒА АРНАЛҒАН ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Түркістан облысының барлық аймақтарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Солардың ішіндегі шоқтығы биік қадамдардың бірі ретінде Түлкібас ауданындағы келелі кездесудің жөні бөлек.
Тарқатып айтсақ, осы аймақтың тумасы, белгілі жазушы-журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың «Іштарлық пен құштарлық» атты жаңа жинағының тұсауы кесілді. Аудандық «Шамшырақ» газетінің баспасөз орталығында өткен жиында профессор Мекемтас Мырзахметұлы бастаған зиялы қауым өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесіп, жаңа кітаптың таныстырылымын өткізді.
Кітаптың басты кейіпкері — филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. М.Байғұт бұл шығармасында өз кейіпкерінің ғұмыр жолына үңіледі, дара тұлғаның болмысын, туа бітті табиғатын ашуға ұмтылады. Көркем тілмен жеткізеді. Жинақ соңында жазушы өмір туралы пәлсапалық ой түйіндейді.
Кейін іс-шара Түлкібас ауданы Азаттық ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Кездесу кешіне жазушының қалың оқырмандары, кітапсүйер қауым, ғалымды пір тұтар жұртшылық жиналды. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы құттықтауын жеткізіп, бүгінгі қазақ әдебиетінде айрықша қолтаңбасы бар қос бәйтерекке шапан жауып құрмет көрсетті. Сондай-ақ, басқосуда ғалым жайлы арнайы бейнефильм көрсетіліп, тағылымды кеш ұйымдастырылды.
23235dbd-5939-422a-b348-f8cd777bdee3

ПІКІР ЖАЗУ