ӘБДІРАХЫМОВ ЖҰМАТАЕВҚА НЕГЕ ШҮЙЛІКТІ?

ӘБДІРАХЫМОВ ЖҰМАТАЕВҚА НЕГЕ ШҮЙЛІКТІ?

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов инстаграм желісінде өзінің ресми парақшасын ашқаннан бастап тұрғындар қаладағы қоғамдық көліктердің қызметі мен жолдардың жайы туралы пікірлерін ашық айтып,  талаптарын қарша боратып жатыр. Ендеше соларды өңін өзгертпей, асыра әсірелемей, қаз-қалпында оқырмандарға баяндасақ, мынадай мазмұндағы мәтін түзіледі.

 

«Забадам»елді мекеніне екі жылдан бері №116 бағыттағы автобус уақытылы жүрмейді. Кейде тіпті болмайды. «Самал-3» шағынауданына қоғамдық көліктер өте аз қатынайды. «Қайтпас-1» мөлтекауданына баратын №17 автобустар араға 30-40 минут салып жүреді. Ал олардың салоны шаң басып, шіріп кеткен. Техникалық байқаудан қалай өтіп жатыр? Бұл қашан реттеледі? «Достық» мөлтек ауданынан қалаға қатынайтын №17Б автобусын  жаңаға ауыстыру қажет. №17 мен №40 бағыттағы автобустары қатты ескірген. «Бозарық» шағын ауданының сол жақ бетіндегі тұрғындарды таситын №71 автобус 30-40 минутта зорға келеді. Қыс айларында балалар оны бір сағаттап күтеді. Ю. Гагарин көшесі кәдімгі окоп болып кетті. Бізде жол салынса, оның артынша сол жолды бұзып, құбыр жүргізу қашан тоқтайды? «Шымкент-Ситиде» халық жоқ, бірақ жол бар, ал «Тұран» мөлтекауданында халық бар, бірақ жол жоқ…

Осы сынды талаптардан құралған сөздерді жалғай берсең кең көлемдегі мәтін шыға келетіні сөзсіз. Оның үстіне барлығының назарына жетіп жатқан жол және қоғамдық көлік мәселелерін түгелдей қайталап шығу да артық.

Жалпы жоғарыда айтылған жәйттерден  әкімнің өзі де хабардар екені белгілі. Оған жуырда Шымкент қалалық әкімдігінде өткен кезекті жиналыста Ғабидолла Әбдірахымовтың қол астындағы басқарма басшысы Қуатжан Жұматаевтың жұмысын сынға алуы дәлел бола алады. Өз кезегінде Ғабидолла Әбдірахымов қалалық жолаушылар көлігі және автомбобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевқа «Қуат сен халыққа жол жөндеу үшін бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін емес, нақты олар күтіп отырған мәселелері айт. Бізде қазіргі таңда көшелерге асфальт төселеді. Содан соң құбырларды жүргізу үшін оны қайтадан қазады. Және бетін топырақпен жабады. Жаңбыр жауғанда жол лай батпаққа айналады. Халықтың жүруі қиындайды. Оған кім кінәлі? Егер мердігер мекемелер тірлігін осылай тыңғылықты тындырмауды жалғастыра берсе, біз оларды тиісті лицензияларынан айыратын боламыз. Менен осылай сәлем жолдаңыздар,- деді.  Бұл туралы Elitar.kz сайты жариялайды.

Сонымен қатар ол, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың жұмысына көңілі толмайтынын  ашық меңзей отырып, оған өзіне жүктелген жұмыстарды сапалы орындауды талап ететінін баса айтты. Және ол өздеріне артылған міндеттерді орындауда нәтиже шығара алмаған мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан шығаратынын да жасырмады. Әкімнің бұл ескертуі қай шенеуніктің «құлағына тағылған алтын сырға» екені алдағы уақыттың еншісінде болмақ.

“Уақыт”газеті.

 

 

ПІКІР ЖАЗУ