«ТҮРКІСТАН» ТУЫНДЫСЫ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

«ТҮРКІСТАН» ТУЫНДЫСЫ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Түркістан қаласында «Сақ» киностудиясының тағы бір төл туындысы «Түркістан» анимациялық фильмі көрермен қауымға жол тартты, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Көркем туынды жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, тарихқа деген құрметін қалыптастыруға арналған.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген фильмнің форматы 2D, ұзақтығы 25 минут. Балаларға базарлық ретінде ұсынылған туындының режиссері және бас суретшісі – Азамат Ерназаров,  сценарий авторы – Бақытжан Құлжабаев болса, әуенмен әрлеген – Әйтеке Көптілеу.

Тұсаукесерде сөз алған «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев «Анимацияда 18 жылдық тәжірибесі бар шығармашылық топ 60-қа жуық қысқаметражды мультфильмдер мен бірнеше деректі және көркем фильмдер шығарып үлгерді. Кәсіби деңгейдегі режиссерлар, аниматорлар және суретшілерден құралған ұжымның шығармашылығы Қазақстан және шет елдерде кеңінен танылып, өз бағасын алуда. «САҚ» киностудиясы анимация саласын дамытумен қатар, баланың көзқарасын дұрыс қалыптастыруды, отансүйгіштік, адамгершілік, адалдық және достық секілді қасиеттерді насихаттап, оларды ұрпақ санасына сіңіруді басты мақсат санайды», деп атап өтті.

Аталған фильм желісіне Жалғас есімді жас баланың ерлігі арқау болады. Оқиға барысында Жалғас Отанына, еліне деген парызын сезіне отырып, жаудың теріс пиғылына  қарсы тұрады. Бала батыр осылай Түркістанда өтетін Қазақ құрылтайындағы қастандықтың алдын алып, Тәуке ханның өмірін аман алып қалады. Жалпы, анимациялық фильм көрерменді қызықты оқиғалармен баурап, адами тәрбиеге, әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге үндейді.

ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек», деген болатын. Осы орайда, «Сақ» киностудиясының атқарып жүрген жұмысы ауқымды.

 uakit.kz

 

ПІКІР ЖАЗУ