ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде еліміздің әрбір өңірінде нақты істермен көрініс тауып келеді. Бұл бағытта әсіресе, халық тығыз қоныстанған, әрбір азаматтың мұңы мен мұқтажына ерекше назар аударуды қажет ететін Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Осы үрдістің айғағындай, жақында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, бұқараның арыз-шағымы мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Мұндай ашық дидарласу сәттері билік пен бұқара арасындағы алтын көпірді нығайтып, қордаланған мәселелердің түйінін тарқатуға үлкен септігін тигізері анық. Сондықтан да болар, бұл жолғы қабылдауға да өзіндік мұқтажын арқалай келген тұрғындардың қарасы қалың болды.
Қабылдау барысында оңтүстік жұрты көтерген мәселелердің ауқымы сан түрлі. Әсіресе, өңірдегі ең өзекті тақырыптардың бірі болып табылатын жер дауы, атап айтқанда, жеке меншік немесе кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін заңдастыру мәселесі алдыңғы орынға шықты. Сонымен қатар, азаматтар өздеріне тиесілі жер үлестерінің нысаналы мақсатын өзгерту, инфрақұрылым жүргізу және өзге де тұрмыстық-әлеуметтік түйткілдерді ортаға салды. Әрбір тұрғынның уәжін байыппен, байсалды тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бірде-бір өтініштің назардан тыс қалмайтынын, мемлекет тарапынан әрбір шағымға жіті көңіл бөлінетінін жеткізді. Ол тұрғындардың мәселесін созбалаңға салмай, дер кезінде және ең бастысы – заң аясында әділ шешу қажеттігін баса айтты.
Жиын соңында аймақ басшысының орынбасары осы қабылдауға арнайы шақыртылған жауапты басқармалар мен тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Көтерілген әрбір мәселенің ақ-қарасын ажыратып, жан-жақты зерделеуді міндеттеген Қанат Қайыпбек шешімдердің тек қана заң талаптарына сәйкес қабылдануын шегелеп айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің халықпен жұмыс істеу мәдениетіне тоқталып, азаматтарға уақтылы және сапалы кері байланыс беруді, түсіндіру жұмыстарын барынша ашық әрі халыққа түсінікті тілде жүргізуді қатаң тапсырды. Сұрақ қойған әрбір тұрғын өз өтінішінің қай деңгейде қаралып жатқанынан хабардар болуы тиіс екенін ескертті.
Жалпы, Түркістан облысында халықты мазалаған сауалдарға жауап беру мен арыз-шағымдарды қабылдау науқандық іс емес, күнделікті қалыпты жүйеге айналған. Облыс әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген арнайы кестеге сай, тұрғындарды тұрақты түрде жеке қабылдап келеді. Бүгінде заман ағымына сай бұл үдеріс те барынша цифрландырылған. Кез келген аймақ тұрғыны өз мәселесін жеткізу үшін «eOtinish» бірыңғай базасы арқылы үйінен шықпай-ақ немесе заманауи Азаматтарды қабылдау орталығына тікелей келіп, ешқандай кедергісіз қабылдауға жазыла алады. Жұртшылықтың мұң-мұқтажын тікелей бақылауға алған облыс басшылығының бұл қадамдары өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен береке-бірліктің нығаюына қызмет ете бермек.



