ШЫМКЕНТ: КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ҮШІН 66 ЖЕР УЧАСКЕСІ МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ АЛЫНҒАН

152
0

Шымкент  аумағы  116280 гектарды құраса, оның  9,01 пайызы, яғни 10481 гектар жері тұрғын үй аймағы болып саналады. Аталған аймақтың 401 гектары көпқабатты, ал 10080 гектары жеке тұрғын үйлер аумағын құрайды. Алдағы уақытта мегаполистегі жеке тұрғын үйлер аумағының көлемі артпаса, кемімейтін сыңайлы.  Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы  Жәнібек Ағыбаевтың ақпараттық- коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде келтірген деректері осындай тұжырымға саяды. Аталған басқарма басшысы ағымдағы жылдың алты айында жер учаскесін алу бойынша 790 азаматтың өтініші тіркелгенін, жалпы бүгінге дейін тиісті органда жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтардың саны 119 018-ді құрап отырғанын жеткізді.  Есепті кезеңде  жер комиссиясы жер телімдерін беру туралы 2500-ден астам арызды қараған. Олардың 1401-і немесе 54 % қабылданған.

Ағымдағы жылдың алты айында атқарған жұмыстарын қорытындылаған басқарма басшысы халыққа жалпы саны 5162-ні құрайтын 4 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілгенін айтты. Олар: жерге орналастыру жобаларын қабылдау, учаскелердің кадастрлық бағаларын қабылдау, учаскелердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша және жер учаскесін алу үшін кезекке қою  бойынша.

Басқарма басшысы ағымдағы жылдың алты айында  мемлекет меншігіне алынатын жер учаскелерінің жалпы алаңы 58,54 гектарға жеткенін, ал оны сатып алу құны 1 млрд. 484 млн. теңгені құрайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол,  мемлекет меншігі үшін алынатын жерлер көлік инфрақұрылымын дамыту мен көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салу мақсатына пайдаланылатынын айтып өтті.

– Мәселен, Д. Қонаев, Н. Назарбаев даңғылдары, Сыпырған ата, Тәуке хан, Жібек жолы, Әл-Фараби, Ж.Адырбеков, «Тұран» шағынауданындағы №1,2,7-көшелерін салу үшін жер пайдаланушылардан барлығы  376,47 млн. теңгеге 66 жер учаскесі сатып алынды.   Ал көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы үшін 93 жер учаскесі мемлекет меншігіне өткен. Олардың иелеріне мемлекет есебінен 1 млрд. 107,4 млн. теңге өтемақы берілген.

Осылай деген Жәнібек Ағыбаев жыл басынан бері жер учаскелерін өз бетінше иемденіп алған 18 тұлғаға және жер учаскесін нысыналы мақсатына сәйкес пайдаланбай жатқан 14 тұлғаға айыппұлдар салынғанын хабарлады.  

uakit.kz

Сурет авторы: С. Қосаев.