ТҮРКІСТАН: 25 МЫҢНАН АСА ҮЙДІҢ ГАЗ ЖАБДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Үкімет басшысы жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу бойынша түрғындар арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын. Осы мақсатта Түркістан қаласында жылыту маусымы қарсаңынан бастап бүгінге дейін өрт қауіпсіздігін алдын алу үшін арнайы мамандардың үйлерді аралап, тұрғындарға өртті алдын алудың қарапайым ережесімен таныстырып келеді. Бұл бағыттағы жұмысқа «Түркістан қаласы газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны да қатысады.
Түркістан қаласында газға қосылған 35295 абонент бар. «Түркістан қаласы газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының өткен жылдың тамыз айынан бастап бүгінге дейін газға қосылған 35295 абоненттің ішінде 25234 үйді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексерген. Анықталған кемшіліктер бойынша тұрғындарға ескертулер берген.
Анықталған кемшіліктер туралы аталған мекеменің инспекторы Жанболат Тұяқбаев «Аралау жұмыстары кезінде анықталып жатқан кемшіліктің көбі абоненттерде табиғи газға қосылғанын айғақтайтын құжаттардың түгел еместігі. Атап айтқанда техникалық құжаттардың жоқтығы, ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуге мамандандырылған мекемемен (ВДГО) және ішкі түтін шығару жүйесін тексеретін (ВДС) мекемелермен келісім шарттың болмауы сынды жағдайлар анықталады. Газ жабдығы орнатылған бөлмелерде желдету арналары жоқ болады. Бұл өрескел қателік негізі. Сонымен қатар көп абоненттер мұржаларды дұрыс орнатпағаны белгілі болуда»,-деді.
Бұл кемшіліктер бойынша кәсіпорын инспекторлары абоненттерге тек ескерту айтумен шектеледі. Ал егер апатты жағдай туғызатын «иран пешінің» қолданылып жатқаны анықталса, сол мезетте газдан ажыратылатынын атап өтті.
Айта кетейік еліміз бойынша жыл басынан бері 9 647 өрт тіркеліп, салдарынан 249 адам қаза болған.