ТЕРРОРЛЫҚ АКТ ТУРАЛЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ БЕРГЕНДЕРГЕ ҚАНДАЙ ЖАЗА КӨЗДЕЛЕДІ?

Террорлық акт жайлы жалған ақпарат беру – қылмыс. Былтыр Түркістан облысында  мұндай бір қылмыс тіркелген. Оқиға Жетісай ауданында орын алған. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында полицияның кезекші бөліміне ауданның орталық ауруханасы ғимаратына жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабар келіп түскен, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіп түскен ақпарат бойынша жедел түрде шығарылған қызметтер аурухана жұмысын тоқтатып, науқастар мен медицина қызметшілерін қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Содан соң нысаннан жарылғыш құрылғыны іздестіру шаралары жүргізілген. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде аталған нысанда жарылғыш заттар мен құрылғылар табылмай, ақпараттың жалған болғаны анықталған. Соған сәйкес құқық қорғаушылар жергілікті полиция қызметіне жалған ақпарат түсірген азаматты анықтап, оны қамаққа алады. Жалған ақпарат беріп, жұрттың тынышын алған азамат сол ауданның 42 жастағы тұрғыны болып танылды.

Бұл іс терроризм жайлы жалған ақпарат беру дерегі бойынша ҚР ҚК 273- бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталу сатысында. Қылмыстың бұл түріне барған азаматтарға заң бойынша бес жыл мерзімге бас бостандығынан шектелу, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру немесе бес мың АЕК көлемінде айыппұл салу жазасы көзделеді. Террорлық акт туралы жалған ақпарат бергендер қылмыстық жауаптылыққа тартылумен қатар, қауіп-қатер жайлы түскен ақпарды тексеру үшін жүргізілген арнайы шаралар мен оны ұйымдастыруға кеткен шығындарға байланысты материалдық төлемдерді өтеуге де тартылатынын білгені жөн.

Осыған орай Түркістан облысы прокуратурасы азаматтарға террорлық акт туралы жалған ақпарат тарату жарға жығатынын қатаң ескертеді.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ