ШАРДАРАДАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ ҮШ БИІНІҢ ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШІ ҚАРАУСЫЗ ТҰР

Биыл ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойлары тоғысқан жыл. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде түрлі танымдық әрі мәдени шаралар өткізіліп жатқаны белгілі. Жергілікті әкімдіктер осындай іс- шараларды өткіземіз деп алашапқын болып жүргені шындық. Ол дұрыс. Себебі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді  баса айтқан болатын. Бірақ бұл өзге тарихи тұлғаларды ұмыт қалдыру деген ұғымды білдірмейді. Алайда Шардара ауданы әкімдігі биыл атап өтілетін шараларға ғана мән беріп, өзге жұмыстарды кейінге ысырып тастағандай. Бұлай деуімізге Шардара қаласының қақ төрінде қазақтың ұлы тұлғалары Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ескерткіштерінің қараусыз қалған көрінісі себеп болып отыр.

Бұл туралы uakit.kz сайтының арнайы тілшісі хабарлайды.

Мына суреттерден-ақ ондағы ескерткіш орын тепкен аумаққа қашаннан бері тазалық жұмыстары жүргізілмегені көрініп тұр.

Кейбірі сындырылған, ал көпшілігінің сау тамтығы да қалмаған  жарықшамдар бұл жерге жауапты азаматтардың ат ізін салмайтынын айқын аңғартады.

Қоқыс салатын урналардың бүлінгені де ол жерге бақылаудың жоқтығын анық көрсетеді.

Осылай қараусыз тұра берсе жақын күндері ескерткіш айналасында арам шөптерден аяғыңды аңдып басу да қиынға соғатын сияқты.

Еңселі тұлғаларға құрмет ретінде орнатылған ескерткіш айналасының қараусыз қалғаны осылайша өткен-кеткеннің еңсесін түсіріп тұр.

Қалаға келген қонақтардың көзіне ең бірінші осындай ескерткіштер түсетінін бәріміз білеміз. Ендеше тарихта қазақтың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан би бабаларымыздың бұлай қорлануы әкімдік үшін үлкен сын.

Сурет автордікі

ПІКІР ЖАЗУ