ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТАР – КӘСІПКЕРЛІК ПЕН ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

32
0

Соңғы жылдары Түркістан облысында индустриаландыру мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі қадамдар жасалып келеді. Әсіресе Сауран ауданындағы өндірістік аймақтардың құрылуы – өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары аясында бұл бағыттағы бірқатар жобалармен танысуы – өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға деген нақты қадамдардың айғағы.

2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында бес өндірістік аймақ бой көтеруде. Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, бұл аумақтарға жалпы саны 115 жоба орналастырылмақ. Бұл – тек өндіріс орындарының саны ғана емес, сонымен қатар ондаған кәсіпкердің бастамасына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған сенім мен қолдаудың көрінісі. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, ал олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл бастама тек кәсіпкерлікті емес, сонымен қатар еңбек нарығын дамытып, өңір халқының тұрақты табыс табуына жол ашады. Өндірістік аймақтар инфрақұрылыммен толық қамтылып, кәсіпкерлерге қолайлы орта жасалуда. Бұл – бизнесті ашудың басты алғышарты. «Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуын жеңілдетеміз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына салынған инвестиция», – дейді облыс әкімі.

Әкім сапары барысында алдымен Еңбекші Дихан ауылындағы «Иассы» индустриалды аймағы назарға ілікті. Бұл аймақта 9 гектар аумаққа 24 жоба орналаспақ. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер жұмысын бастап кеткен. Мұнда жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері мен құрылыс материалдарын өндіретін өндіріс орындары ашылады. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, ал жұмыс орындарының саны – 600-ден асады. Бұл – бір ғана ауылдық округ үшін ауқымды жетістік. Қарашық индустриалды аймағында 10 гектар жерде 20 жоба жүзеге аспақ. Мұнда есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабын, пластикалық ыдыс, тігін және жиһаз өндірісі қолға алынады. 4,5 млрд теңге көлеміндегі инвестиция нәтижесінде 170 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС – құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге бағытталған заманауи кәсіпорын. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 300 тонна өнім өндіріп, 300 адамға жұмыс береді. Бұл – жергілікті экономиканың жандануына тікелей үлес қосатын өндіріс. Сондай-ақ «ASIA BREND» және «DIVALUX» жиһаз кәсіпорындары тек ішкі нарықты ғана емес, еліміздің өзге аймақтарын да өніммен қамтып отыр. Қазірдің өзінде бұл зауыттарда 150-ге жуық адам еңбек етуде. Материалдар Түркиядан тасымалданып, жұмысшылар жергілікті жерде оқытылып, кәсіби біліктіліктерін жетілдіруде. Шорнақ пен Үшқайық ауылдық округтерінде де индустриалды аймақтар бой көтеруде. Шорнақта 8 гектар жерге жиһаз цехтары орналасса, Үшқайықта 18 гектар аумаққа 37 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 2025–2030 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске қосылмақ. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынған.

Сауран ауданында жүзеге асып жатқан өндірістік жобалар – бұл тек экономикалық көрсеткіштер емес, сонымен бірге әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Жергілікті халыққа жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артады. Бұл жобалар – өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін арттырып, әлеуметтік мәселелерді шешудің тетігіне айналуда. Қорыта айтқанда, Түркістан облысының әкімдігі жүзеге асырып отырған индустриаландыру бағдарламасы – ұзақ мерзімді және нәтижелі бастама. Сауран ауданындағы өндірістік аймақтар – болашаққа салынған инвестиция ғана емес, ел экономикасының нақты қозғаушы күші. Ал бұл бастамалардың табысты жүзеге асуы – жергілікті халықтың белсенділігі мен мемлекеттік қолдаудың үйлесімінде жатыр.