Сенбілік өтті, қоқыстар қала берді

403
0

Сайрам ауданының орталығы — Ақсукент  ауылында халық тығыз қоныстанған. Базарлары мен сауда орындары көп. Бірнеше колледж, ондаған мектеп, өндіріс орындары, балабақшалар бар. Көпқабатты тұрғын үйлердің де саны басым.  Ауылдық округтің әкімі Нұрполат Қаратай  халықпен жиі жиі кездесті, түсінік жұмыстарын жүргізді. Жеке үйлерге қарағанда, көпқабатты тұрғын үйлердің маңайы мен төңірегі қашан көрсең  ыбырсыққа, қоқысқа толып жатады. Қоқыс салатын арнайы  жәшіктер, орындар барына қарамастан тұрғындар кез-келген жерге қоқыстарын тастай салатын болып жүр.  Арасында не жоқ  дейсіз, өлген жануарлардың өлекселерін де осы аймақтан жиі көресіз. Көпқабатты тұрғын үйлердің алдына отырғызылған көшеттер де күтім болмағандықтан құрап кетеді, арық тазаланбай, іші күл-қоқысқа толған. Осы аймақта қазақ және өзбек мектептері бар, мына қоқыстар осы білім ұяларының дәл іргелерінде көптен бері жатқандықтан бұл аймаққа санитарлық бақылау қызметкерлері де келмейтін шығар деп ойлаймыз. Кешегі сенбі күні бүкіл облысымызда  жалпыхалықтық сенбілік өтті.  Бұл игі іс-шарадан аудан тұрғындары да шет қалған жоқ. Төңіректер тазаланып, тал-дарақтар әктелді, арық-атыздар шабылды, мекеме-ұйым ғимараттары алдына көшеттер шаншылды. Осы игілікті істен көпқабатты үйдің тұрғындары үнемі назардан тыс қалып жатады. Белсенділік жоқ,  жауапкершіліктері  төмен. Ауылдың  әкімдік қызметкерлері тарапынан тиісті  деңгейде  көңіл бөлінбейтіндіктен болар, бұл аймақта тазалықтан басқа да шешімін күтер мәселелер жетіп-артылады.
Мына  қоқыстар №93, №94 мектеп аумағында сенбілікке дейін де, сенбіліктен кейін де жатқаны ешбіріне әсер етпейтіндей. «Тазалық- денсаулығымыздың кепілі» екенін ұмытпасақ та, ұмытып кете беретіндерге не деуге болады? Өздерінің денсаулығын, келешегін ойламайтын тұрғындарға таңмын, бастама көтеріп, өнегелік танытуы тиісті  әкімдікке қайранмын, санитарлық тазалықты бақыламайтын СӘҚБ-ның қызметкерлерінің әрекеттерін түсінбеймін. Мүмкін осыдан соң ойланармыз, төңірегіміздің таза болуы бәріміз үшін де керек емес пе?

Жанар ЖОЛШЫБЕКОВА,
Сайрам ауданы.