Аңсайтын болып жүрміз ақсақал-абыздарды

DSCN0077.jpg«Даламның бір-бір бөлшегі,
Қарттарым аман-сау жүрші»,-
деп қанша жерден әнге қосып әспеттеп-әлпештегенімізбен, мұзбалақ ақын Мұқағали:
«Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар»,-
деп  дөп баса қамыға жырлаған дайын бүгінгі күні тұтас ұлттың төл бет-бейнесін танытып эталонына айналар кеудесі қазына қарттарымызға тамағымыз шөлге қаталағандай сусап отырғанымыз ащы да болса ақиқат жайт. Аса мәртебелі оқырман, осы тұста осынау ортаға   салып отырған ойымыздың көрігін қыздыра түсу үшін әңгімеміздің  жүлгесін ХХ- ғасырдың 60-70-жылдарында  ғұмыр кешкен ауыл ақсақалдарына қарай бұрғанды жөн көріп отырмыз. Сол бір алаңсыз асыр салып, ойын қуған бала шағымызда біздің Бөген деген ауылда  сақалдары әппақ күмістей қарттар көп болатын.(Бүгінде қарттарымыз «Жасарып», жастарымыз сақал қоятын болды).

Бірде жазғытұрымда көше шетінде асық ойнап жатқан біздерге таяу келген ақсақал:
— Ассалаумалейкум балалар! Асық ойнар көбейсін,- деп бәрімізбен күлімсірей қол алысып шықты да, шетте тұрған Серік  деген құрдасымыздан:
— Кімнің баласың?- деп сұрады. Ол:
— Атамның,- деп таңдайын тақ  еткізді.
— Атаңның аты кім?- дегеніне:
— Сабыркен,- деп жауап берді.
— Руың не?- деп сұрап еді:
— Қоңыраттың ішіндегі Ақболат,- деді Серік.
— Бәрекелді! Жөн-ақ! Руыңды біледі екенсің. Ал, енді мына сұрағыма жауап берші, сен кімсің?- деп әлгі атамыз тағы бір сауалын көлденең  тартты. Серік бұл жолы да мүдірместен:
— Баламын,- деді.
— Жо-жоқ, қателестің. Кім екеніңді білмейді екенсің,- деген бейтаныс қария:
-Мұсылманмын де. «Мұсылман екеніңді қалай дәлелдейсің?- десе, Әшһәду әнна Мұхаммәд-ән ғабдуку уа расулаллаҺ деп жауап беретін бол. «Қашаннан бері мұсылмансың?»,- десе әлімсақтан бері де. «Кітабың не?»- деген сұраққа: Кітабым-Құран-кәрім,- деп айтатын бол. «Кімнің үмбетісің?»- деген сұраққа:
— Пайғамбарым- хазіреті Мұхаммед- Мұстафа саллалаһу ғалейки уәссаламның үмбетімін,- дегейсің,- деп әлгі ақ сәлделі, ақ желеңді қария досымызға біздің ешбіріміз бұған дейін естіп-білмеген әңгімені айтып болды да, оң қолымен  күмістей сақалдарын бір сипап алып:
— Осы айтқандарымды миыңа тоқып ал. Есіңнен шықпасын. Ешуақытта да ұмытпа,- деді де өзін қоршап тұрған бәрімізді көзімен бір шолып үнсіз ғана көшенің орта тұсында орналасқан Алдаберген атаның үйіне қарай кете барды. Кейінірек барып білдік, әлгі қарттың есімі — Рысқұл екен. Енді мына бір естелікті де, айта кетелік.
Жаздың кезінде қозыларымызды қырға шығарып жаятынбыз. Бізге Ахмет деген ақсақал да ілесуші еді. Қозыларымыз оттығып тойынған шақта әлгі кісі жымия күлімсіреп:
— Ал, айналайын қарақтарым, бермен келіп қасыма жайғасыңдар. Кеше «Алпамыс батыр» жырын  оқып-бітірдік. Енді мен бүгін өздеріңе «Қобыланды батыр» жырын оқып бермекпін. Қанеки, құлақтарыңды түріңдер,- деп қоңыр дорбасынан шығарған қалың кітабын әуезді  қоңыр мақаммен оқи жөнелетін (Сірә, жыр оқуды сәби кезінен дағдысына айналдырса керек). Біздер, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Мұңлық- Зарлық», «Рүстем-дастан» жырларымен алғаш рет Ахмет қарт арқылы осылай таныс болған едік. Сондай-ақ, нешеалуан ертегілерді де айтып беретін атамыз. Кей-кейде біздерді бірауық  күрестіріп те алатын. Сол шақтары бізбен бірге Аяжан деген әже де қозы жаятын.
— Жаңылтпаштарды көп білетін. Біздерге әрдайым үйретіп  те жүретін. Сол бір сәби шақтардағы әрбірі жеке-жеке мектепке айналған ақсақалдарды әңгімеге тиек етіп отырған осы сәтте біздерді неше түрлі қимылымен күлкіге көміп жүруден жалықпайтын. Шайық шал мен әр кез тәтті –тәтті үлестіріп жүретін «Кәмпит атаны» ұмытуымыз да әбестік болар еді.
Аса мәр тебелі оқырман, ортаға салып отырған ойымызға орай келтіріліп отырған осынау мысалдардан өздеріңізде аңғарып отырғандайын өткен ғасырдың 60-70 – жылдарында біздің ауылда ұлт болашағын ойлайтын көненің көзі іспетті осындай абыз ақсақалдар ғұмыр кешкен. Мұндай  қамқор пейілді қариялар сол кездері қазақтың кез-келген ауылында молынан ұшырасатын. Ал, бүгіндері ондай «Дария-кеуде, тау-мүсін», «Қарттарды сирек кезіктіретін болдық.(«Қызыл кітапқа» ендірсек те болғандай). Осындай қадау-қадау қарттарымыздың қатарына Еркінбек Тұрысбеков, Тұрсынбек Кәкішев, Мекемтас Мырзахметов, Камал Ормантаев, Төрекелді Шарманов, Шерхан Мұртазаларды жатқызған болар едік. Бұл кісілер ұлтымыздың ұстыны да.
Ал енді  әуелгі ойымызды әрмен қарай сбақтай түселік. Бүгінгі күні қарттарымыздың өздеріне жүктелер маңызы мейлінше зор міндетті, жете сезінбеулерінің салдарынан, жастарымыз аса ауыр қылмыстарға да баруда. Олардың шектен шыққан қатыгездігінен төбе шашыңыз да тік тұрғандай. Кемелді келешекке бағдар түзген мемлекетіміздің мәртебесіне нұқсан келтірер осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қоюда  қарттарымыз  қауқарсыз болып та отыр. Біз жоғарыда мысал ретінде сөз еткен кезеңде  ақсақалдардың «тәйт» деген бір ауыз сөзінің салмағы, Азаматтық кодекстің баптарынан да ауыр болатын. Сол жылдары қазақ ауылдарында қылмыс деген атымен де болмаушы еді. Өйткені, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің жолын ұстанған қарттарымыздың мерейі үстем. Ал бүгінгідей жаңғыру дәуірінде елге тұтқа болуы тиіс, ақсақалдарымыз абыздық биіктен көріне де, алмай отырғаны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Өйткені, олар
«Өз қотырыңды өзің қасы» деген қатаң қағиданы ұстанып күн кешеді. Сонда олар сауап алу үшін берілген уақытты, қалай өткізеді дегенге келер болсақ, қалалығы қайта оралмас қимас шақтарын шахмат ,бильярд карта ойнауға жұмсаса, ауылдағысы күн ұзаққа мал соңында жүреді. Осылай ете тұра олар жақсы тәрбие көрген келін мен күйеубалаға да  ие болғысы келеді. Тегі, дарақты саялағысы келген кісі оны шыбық кезінен мәпелегені жөн-ау? Аса мәртебелі оқырман, өзіміз де шал болмайтын дайын қарияларымызға қаттырақ шүйліккендейміз. Өйткені, қоғамымызда қалыптасып отырған,  бүгінгі ахуал бізден осыны талап етіп отыр. Осы себептен де шындықтың ауылына жақын қондық. Өйткені,аңсайтын болып жүреміз ақсақалдарды. Алашының абызына айналған…

P.S. « Түсіме тау кіреді» демекші, түсіме бағзыда өткен Тоныкөк бабам кіріп жүр.

Бекен ҚОЖАМҚҰЛОВ.