Жұрт Даниярын сағынып жүр

290
0

3 (3)Біреуді мақтап, біреуді даттау дағдымызда болмағанымен, Ордабасыға ойысқан соңғы іссапарымызда бізді бір нәрсе әжептеуір таңырқатты. Бір жылдан астам уақыт қана аудан әкімі қызметін атқарған Данияр Тілеубергенов жөнінде жұртшылықтың пікірі ол кеткеннен кейін бір арнаға тоғысып, «қадірін кеш біліппіз-ау, қайран ердің» дейтін ортақ ойға тоғысыпты. Данияр бұрын Темірлан ауылының әкімі болып жүргенде халыққа барынша жақын жандардың бірі болатын. Ауданның тізгінін қолына ұстаған күннен бастап, ол өзінің туа бітті қарапайымдылығын, халыққа жақындығын, елмен етене араласу дағдысынан жаңылған жоқ. Имандылық, біреулерді бөле жармау, адамдармен ақтарыла әңгімелесу оның қадірін арттырды. Сыналып жатты, сол сынды дұрыс қабылдай білді. Қорытынды шығаруға арланған жоқ. Алдына келген азаматтың қымбат киіміне, жоғары қызметіне, кісілігі мен кішілігіне қараған жоқ, бәрін бірдей көрді, кеңсесі адамдардан арылмаған әкім атанды. Біз өткен күндерге бүгін неге шолу жасап отырғанымыздың мәнісін енді бипаздамай-ақ, бірден айтар әңгімеміздің арқауын жазғанды жөн көріп отырмыз.


Сайрамдағы «замдықтан» Ордабасыға «сам» болып барған Самат Сапарбаевтың ауданды басқарғанына екі айдай мерзім өтті. Қазір халықтың баратын жері, жақсысы мен жаманын айтатын орны – аудан әкімдігі, оның ішінде аудан әкімі. Ел ішінде мәселенің барлығы түгелдей шешіліп қойды деуге болмайды. Әйтеуір бірнәрсе шығып тұрады. Адамдар соны әкімге жеткізгісі, ертерек шешкісі келіп тұрады. «Әкімдікке асық бол, өз халқыңнан қашық бол» деген жағымсыздау теңеу Самат Сапарбаевтың атына таңылып та үлгеріпті. Бүгінге дейін азаматтарды қабылдауға келгенде кежегесі ұдайы кейін тартып тұратын жаңа әкім өзіне келген жандарды орынбасарларына қарай сырғытып салуды әбден дағдыға айналдырып алғандығына көпшіліктің көңілі көншімейтін секілді. Орынбасарларының шамасы келмейтін, шеше алмайтын мәселелерді одан әрі сағызша созып, созбалақтау Сапарбаев үшін неге қажет болғандығына оның қабылдауына кіре алмағандар әлі күнге дейін аң-таң болып жүр. Дұрыс, әкімнің алғашқы айларда жаңа ортамен танысып, білісуі қажет-ақ шығар, бірақ адамдардың айтарына кұлақ асу, олардың өзекті мәселелерін шешу, соған уақыт бөлу әкімнің кезек күттірмейтін міндеті болуы тиіс. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек. Мүмкін осы бір дағдылы мәтелге айналған мәтел-теңеуді жаңа әкім жадына жақын қабылдағысы келмейді немесе оны қажетсінбейтін секілді. Көпшіліктің пікірі осыған саяды. Әкімге кісілік қажет шығар, әйтсе де кішілік қалпын сақтау міндет болуы тиіс.
Жұрт қарапайымдылықтың қалтқысыз қасиеттерін бойына дарытқан, елден іргесін ешқашан аулақ салмаған Даниярдай әкімін сағынып жүрген сыңайлы…

Қыдыр ҚАЛИЕВ