Сіз осы қайда жүрсіз, Ерлан мырза?
Қазақта не көп, Ерлан көп. Біздің бүгін арнайы «Іздеу саламыз!» деп айдар тағып, «Сіз осы қайда жүрсіз, Ерлан мырза?» деп аттандап жатқан кейіпкеріміз Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының ең жас депутаты, «Ернұр» корпорациясының президенті Ерлан Нұрмаханов. Бұрын баспасөздің бетінен түспейтін, депутаттық мінберге көбірек шығатын, аты әр жерден жақсы жағынан шаң беріп жататын Ерлан Нұрмаханов кейінгі кезде тым-тырыс. Өзі де, баспасөз де, мәслихат та. Кеңсесінде де жоқ. Бірақ жоғалып кетпегені, президенттік пен депутаттығын тастамағаны және бар. Сонда бұл кісі қайда кетті? Біз ол кісімен сұхбат алуды жоспарлаған соңғы күндері іздеу салуға мәжбүр болдық. Ұзынқұлақтан естуіміз бойынша, Ерлан мырза Арқаның төрінде, дәлірегі Астанада өзінің корпорациясының жұмысын одан әрі кеңейту мақсатында тірліктер жасап жатқан сыңайлы. Оқырман қауым, біз таяу уақытта Ерлан Нұрмахановпен болған сұхбат-кездесуімізді сіздердің назарларыңызға сиясы кеппеген күйінде беретінімізге кепілдік ететінімізді хабарлаймыз. Күтіңіздер.
«Уақыт»