Жастар «қаңбақ» болып кетпесін деп тілейік Сіз бен Біз

269
0

34Кез келген мемлекеттің бүткіл ішкі және сыртқы саясаты жастар ісімен толық байланыста. Өйткені ел кемелділігінің келешегі жастарға, жастар саясатына, оларға берілер білім мен тәрбие бағдарламасымен әркез астасып жатады. Сондықтан да, «Жастар-біздің болашағымыз» деп ұрандатамыз. Ел тізгінін ұстар ерен жастардың қамын күйттеген біздің тәуелсіз мемлекетіміз әр облыста жастар саясаты мәселесін шешетін басқармаларды жаңа құрылым ретінде өткен жылы ғана құрып, олар тың саланы бастап кеткен болатын.

Бұл – баяғы Кеңес дәуірі кезіндегі комсомолдың орнын басар мұрагер іспетті саяси орган ретінде жұмыс жасауға кірісті. Басқарма іске кіріскен бір жылдай мерзімде оның тұңғыш басшысы он айдан кейін орынтағынан әлі оң-солын танымай жатып сырылып түсті де, Абзал Әліқұлов жастармен тікелей жұмыс істейтін салаға жаңадан басшылыққа тағайындалды. Мәселе кімнің «құрбандық», кімнің басшы болып келуіне тіреліп тұрған жоқ. Мәселе бүгінде ойыншыққа айналған, шұлық ауыстырумен бір деңгейге келген кадр саясатының асығыстығы мен аумалы-төкпелігіне байланысты болып тұр. Біз өз басылымымызда басқарманың бұрынғы бастығы, атқарушы органда ондаған жылдар бойы шама-шарқынша еңбек етіп, ел дамуына, оның идеологиясына үлес қосуының арқасында облыстағы  жастардың басшысы болған Қайрат Төлебаевтың қызметтен жұмбақ түрде, арызын жазып «тайып тұрғаны», бүгінде жұмыссыздардың санын көбейткендердің қатарында жүргенін жазған едік.
Әлгінде атап өткендей А.Әліқұлов жаңа лауазымға келді. Жастармен ғұмырында бейбіт өмірде жұмыс жүргізіп көрмеген, үнемі басқа салаларда басшылықта болған азаматтың ендігі тындырар тың жұмыстары қандай болар екен деп ойланасың. Еңбек жолының алғашқы жылдары тікелей әскери өмірмен байланысты болған басқарманың бүгінгі басшысы одан кейін біраз «төбелердің төбесін түгендеп» шыққан екен. Бұл жерде де жастардың ізі білінбейді. Баяғыда комсомолдың билетін жастар төс қалтасына жиырма сегізге дейін ғана салып жүретін, одан кейін партия қатарына өтетін немесе кәсіподаққа мүше болуды қанағат тұтатын. Ал бүгінгі облыс жастарының лидері қырықтан асып кеткен. Комсомолдың хатшысы отыздан кейін ол саладан басқа жаққа ауыстырылатын. Себебі, ол жастардан гөрі жасамыстардың қатарына енгендіктен солай жасалатын. Бүгінгі саясатты оның тактикасын, стратегиясын түсіну қиынның қиыны болғандықтан. Бізде А.Әліқұловты жастардың жетекшісі деуге сәл-пәл қиналып отырмыз. Әбілсейіт Рабаев секілді «бала бастықтар» бір облыстағы бүкіл жолаушылар көлігі автокөлік жолдары департаментін басқаруға сенім білдірілгенде, неліктен «бозөкпе балаларды» басқаруға «қырмасамалдылардың» барғаны, олардың «сарыауыздармен» жұмыс істеуіне не себеп болғаны тағы белгісіз. Негізі, Оңтүстік өңірінде орда бұзар отызға дейін жастардың «көсемі» болатын бір жүрегінің түгі бар жігіттің шықпағаны, әсте ұят болған екен. Қой, кімді басшы, кімді қосшы қоятынын «кадр ауыстырудың бесаспап маманы» деген ресми емес атақты баяғыда иемденіп қойған облыс әкімі А.Мырзахметов өзі біледі. Оған пәлен-түген деу біздің құзырымызға жатпайды, әрі десе солай ет деп айтуға шамамыз да келмейді. Тек көңіл түкпіріндегі маза бермеген сауалды, ойды сыртқа бір шығарып алып, енді жастардың жаңа басшысы А.Әліқұловқа көлденеңнен газет арқылы бір-екі сауал беріп, егер жауабын қайтарар болса, оны оқырман назарына ұсынсақ деген бір игі ниетіміздің бар екендігін жасырып-жауып қалғымыз келмей отыр. Мына бір үш сауал тікелей Абзал Әліқұловтың өзіне арналады.
Ең әуелгісі: Абзал Әліқұлов мырза, әжептеуір шау тартып, жасыңыз жерортаға жақындағанда бала-шағамен жұмыс істеуге неге қызықтыңыз. Бұл өз еркіңіз бе, әлде жоғарыдан біреулер мәжбүрледі ме?
Ортаншы сауал: Сізге дейінгі бастық біраз басылым баға бергендей «қаңбақ» болды. Сіздің салмағыңыз қандай болмақ? Қайрат Төлебаев нені атқара алмады, ненің көзін таппады? Енді сіз сол алынбаған асуды алып, жетпегенге жету үшін не істейін деп жатырсыз? Бар болса бағдарламаңызды жауабыңызда бірге жолдасаңыз деп өтінеміз.
Соңғы сауал: Жастар саясаты елдің бүгінгі саясатымен қалай қабысып, қалай табысып жатыр. Жалпы облыс жастары немен айналысады. Олардың ертеңгі ахуалын сіз көзге қалай елестетесіз? Елдің өрлеуіне қосатын үлестерін қалай бағамдайсыз? Осыларды сараптап, талдап актісі мен фактісін тайға таңба басқандай етіп бізге жазып берсеңіз.
Егер өтінішіміз сіздің басшылық назарыңыздан тыс қалмай, жарытымды жауап болып жатса, біз сіздің басқармамен тікелей өзіңізбен тұрақты байланыс орнатып, жақсы істеріңізді алаулатып, жалаулатып жазып тұрамыз.

Венера ҚАБЫЛБЕКОВА