Елден неге қашты екен ЕГІЗБАЕВ?

342
1

3Қымбат тұратын «Статус» деген жорналға шығу бақыты екінің-бірінің маңдайына жазыла бермейді. Сол басылымның бетінде ОҚО клиникалық ауруханасының Бас дәрігері Мұқан Егізбаевтың суретін көргенде онша таңырқағанымыз жоқ. Облыстық мәслихаттың кейінгі жылдардағы тұрақты депутаттарының алғы легінде келе жатқан депутат Мұқан Егізбаев анау-мынау газетің мен жорналыңа шықпайды. Шығамын десе, елдің бас газетінің бірі – «Казахстанская правданың» бірінші бетінен ойып тұрып орын алады. Соңғы кезде облыста жарық көретін біраз басылымдардың бетінен М.Егізбаев жайлы жазылған жағымсыздау мақалалардың бірнешеуін көріп, ойға қалдық. Есімі елге танымал болған адамды кейде сол танымалдылықтың буы ұратын секілді. Өзіне-өзі келіп, әбден толысқан жан-жанындағыларға маңғаздықпен төбеден қарайтын әдетті дағдыға айналдырыпты. Алдына барған журналистерді қабылдауы қиын бұл бас дәрігер басшы ретінде, депутат ретінде қарапайым халықты босағасынан сығалатпайтыны жайлы жазылған мақалалар көп мәселеден ақпар беріп тұрған сыңайлы. Егер депутат қарапайым халықтан, өз сайлаушыларынан іргесін аулақ салса, ондай депутаттың кімге керегі бар деп ойланасың кей-кейде. Сол қарапайым жандар, сол сайлаушылары болмаса депутат кімге депутат болар еді?! Әсте осы жағына М.Егізбаев көп мән бере бермесе керек. Сондықтан да ол кісі жөніндегі жазылып жатқан жағымсыз мақалалар, ашық хаттар, оның кадр мәселесіндегі сүрінген сәттері жайында айтылып жатқан сын мақалалар біраз нәрсенің бет-пердесін ашқан сыңайлы. Жазылған жайлар шындықтан онша алыс кетпеген біраз мәселелерді қозғапты. Осыларды ой сарабына салып, бағамдар болсақ – онда бас дәрігер, депутат мырзаның шынайы бейнесін айқын аңғаруға болады.
Елден қашып, халықты қабылдамау секілді жағымсыз әдеттерден арыла алмай жүрген Мұқан Егізбаев мырза жайында ойланғанда, ойыңа ол кісінің мәслихаттағы әріптестері – Өмірзақ Мелдеханов, Рәшкүл Оспанәлиева, Алмасбек Мамытбеков, Әділхан Исабаев секілді нағыз халық қалаулыларына айналған жандардың бейнесі көзге елестейді. Мұқан Егізбаевқа ескертіп айтар бір нәрсе – ол кісі өнеге болатын жолды әлгі жоғарыда аталған әріптестерінен үйренсе, нұр үстіне нұр болар еді. Оған намыстанудың, арланудың қажеті жоқ, тек соны үйренуге кішкентай ғана құлық, кішілік пен қарапайымдылық қасиеттері болса жетіп жатыр. М.Егізбаев елден қашпай, халықтың ортасында болып, өзінің міндетті ісіндегі жауапкершілігі мен заңдылықты әділеттің ақ жолына сала білсе болғаны, бәрі орнына келеді.

Мәулен ТАЛҒАТҰЛЫ