АБЫЛАЕВ ҚЫЗМЕТТЕН НЕ ҮШІН КЕТТІ?

302
0

Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясында облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Балтабек Абылаевты атқарып жүрген қызметінен босатты. Жалпы алып қарағанда мәслихат мұндай қызметтік мәселені күн тәртібіне қойып, алғаш рет өткір шешім қабылдап отыр.

Сессияға Балтабек Абылаевтың өзі қатысқан жоқ. Халық қалаулыларының алдына шыққан облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Мұсабек Зұлпықаров жергілікті полицияның атқарған жұмысы жөнінде кең көлемде есеп беруі керек еді, бірақ депутаттар мәселенің тұрақты комиссияда қаралғандығын көлденең тартып, басшының тағдырын екі ауыз сөзбен шешіп тастады. Шындығында да, Абылаевтың атқарып жүрген үлкен лауазымды қызметінің астарында не бар? Оған ең басты себеп – жалпы қылмыстың бұрынғы кездермен салыстырғанда артып кетуі. Сессияда баяндама жасаған тұрақты комиссияның мүшесі Өмірзақ Мелдехановтың таратқан ақпарына қарағанда жыл өткен сайын қылмыс саны азаю орнына, арта түскен. Бұрындары, дәлірегі осыдан 10 жылдай бұрын бір жыл ішінде жалпы тіркелген қылмыс 8000-8500 болса, бүгінгі таңдағы көрсеткіш 35 мыңға жетіп жығылады. Әсіресе, мал ұрлығы, пәтер ұрлығы, көшедегі қылмыстар, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық әрекеттер шарықтау шегіне жеткен.

Бөтеннің мүлкін ұрлау 20,5, тонау 11,3, мас күйде қылмыс жасау 16,8 пайызға көбейсе, жеткіншектердің арасында адам өлтіру 100 пайызға артқан. Осының барлығы жергілікті полиция басшысының өзіне тапсырылған міндетті орындай алмай, арыз жазуына, қызметтен кетуіне әкеліп соқты.
Сессия өткір мәселені кең талқыламай-ақ, нақты шешім қабылдады. Бірақ басқосуда қылмыстың неліктен көбейіп отырғандығына, оның себебі мен салдарларына ерекше талдау жасалынбады. Атүсті ғана айтылмай орын алған олқылықтар тұрысында кең мағлұмат бермеді. Тіптен облыстағы қызмет түрлерінің және оның пайыздық көрсеткішінің шектен тыс артып кетуі облыс басшыларының ғана емес, Ақордадағы Президент әкімшілігін де алаңдатып үлгеріпті. Балтабек Абылаевтың қызметтен кету мәселесінің сол жоғарғы жақтан бастау алуы, ұсыныс жасалуы, оның сессияның күн тәртібіне бір емес, екі мәрте қойылуы да жұмыстың мүлдем тұралағандығын аңғартса керек. Сессия шешім қабылдады. Бір басшы қызметтен кетті. Бірақ сонымен бар іс тынды деуге болмайды. Сессияның бұл шешімі жаңа басшылыққа, осы лауазымды иемденетін азаматтарға үлкен міндет жүктері сөзсіз. Олар сол міндет биігінен көрінуге барын салғанда ғана кері кеткен істі қайта қалпына келтіре алмақ.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.