ҰСТАЗ ҚИНАЛЫСЫНА КІМ АРАША ТҰРАДЫ?
Дүниеде мыңдаған мамандық түрі бар. Сол мамандықтар ішінде адамды тәрбиелеумен қатар, білім нәрімен сусындандыру – ең жауапты іс болып саналады. Барша мамандықтың ішінде ең қиыны да, құрметтісі – ұрпақ тәрбиесі. Жас ұрпақтың бойына адамзаттың ұлы қасиеттерін дарытудан артық ұлы қызмет болмаса керек. Ашып қарасаңыз, қазіргі таңда еліміздің Президентінен бастап министрі де, әнші, ақын, жазушы, сот, құрылысшы, тракторшы да, барлығы түгел білім – тәрбие табалдырығынан алғаш рет аттап, оны ұлы ұстаз өз құшағына алды. Міне, осындай ұлы қызметке бүкіл өмірін арнап, сан ұрпаққа жүрек жылуы мен мейірім шуағын төккен ұстаздың қазіргі кездегі хал – ахуалы қандай дәрежеде?! Осы жөнінде шешіле айтқым келді.
Өткен ғасырымыздың 90 – шы жылдары енді тәй – тәй басып келе жатқан Тәуелсіз Мемлекетіміз көптеген қиыншылықтарға тап болып, көптеген кедергілерден, қиыншылықтардан өте білді. Сол бір қиын жылдар көппен бірге мұғалімдер қауымына да оңай соқпады. Сол кездерді еске алсаң, мұғалімдер жалақысы аз бола тұра, оны да өз уақытында ала алмай, кешіктіріліп беріліп жатты. Сол заманда коммерсант, бизнес деген атау кеңінен жайыла бастады. Осы қиын-қыстауда көптеген білікті, ұлағатты ұстаздар білім саласынан ажырап, коммерсант атанып бизнеске қарай бет алды. Көпшілік халық та осы қызметті қалады. Ата-анасы күні бойы базарда жүрген бала не үйде, не мектепте тәжірибелі, білікті ұстаздардың жетіспеушілігінен жетерлік тәлім-тәрбие мен білім ала алмады.
Осының салдарынан оқушылар арасында құқық бұзушылықтар арта түсті. Көпке бармай еліміздің хал — ахуалы жақсара бастады. Бәрі де орнына орныққандай болды. Барлық білім мекемелеріндегілер өз жалақысын уақытында, ешқандай кедергісіз алып жүр. Бірақ, сол еңбек ақылары әр бір отбасына жетіп артыла ма, әлде жетпей жата ма? Қазіргі мұғалімдердің әрқайсысының жеке уайымдары бар. Бұл – «кредит».
Шынын айту керек, қашан да қарызданып жүрген адам бұл — мұғалім!
Қазіргі мұғалімдердің алып жүрген жалақысы орташа 60-70 мың теңге. Мұғалімдердің жалақысы аз ғана көтерілсе болды, артынан қымбатшылық та ілесе жетіп келеді. Осыған орай дәлелі бар мысалдар келтіре кетуді жөн көрдім.
Еліміздегі премьер лига футбол командаларының ойыншыларының айлық жалақылары аз емес. Оларға барлық жағдай жасалған. Олардың алдына қойған мақсаты тек біреу ғана – қызықты ойын көрсетіп біріншілікке шығу. Сөйтіп ары қарай әлемдік аренада ойын көрсету. Шет мемлекеттерде стадионға адам лық толып, ине шаншыр орын таба алмайсың. Ал бізде ше, 5-6 мың ғана жанкүйерлер болмаса стадиондарымыз бос қаңырап тұрады. Өткен ғасырымыздың 50 – ші жылдары елімізде пайда болған футбол әлі осы уақытқа дейін ақсап келеді. Және осы салаға миллиардтаған қаржы кетіп жатыр. Мен өзім спорт жанкүйері ретінде, әрине, елімізде спорттың дамып, жоғары деңгейден көрінуін қалаймын. Соңғы жылдары футбол клубтарымызға шеттен легионерлерді қабылдау дәстүрге айналып кетті. Еліміздегі бір футбол клубының атауын айтпай-ақ қояйын, 2015 жылы шеттен келген 4 легионер ойыншысының әрқайсысына ай сайын 60 мыңнан жоғары АҚШ доллары және евро төленіп отырса, басқа бір футбол клубының жаттықтырушысы ай сайын 60 мың АҚШ долларын еңбек ақысы ретінде алып отырған. Бұларға және ұтыс болса үлкен көлемде «сыйақы» — қосымша қаржы төленетіні тағы да бар ғой.
Ал тағы да еліміздегі бір футбол клубына 1 жылға 3 миллиард теңге бөлінген. Ал, енді салыстырмалы түрде қарайық. Орта есеппен бір мектепке 120 мұғалім қызмет етіп, олардың айлық жалақысы 70 мың теңге болса, осы мектепке бюджеттен ай сайын 8 миллион төрт жүз мың теңге босатылады екен. Ал бір оқу жылына (оның ішінде 2 айлық демалыс еңбек ақысын қосқанда) 92 миллион төрт жүз мың теңге аударылады екен. Тағы да орта есеппен бір оқу орны колледжде 200 мұғалімнің айлық жалақысы 80 мың теңгеден болса, осы колледжге бюджеттен ай сайын 16 миллион теңге қаржы босатылады. Ал бір оқу жылына (оның ішінде 2 айлық демалыс еңбек ақысын қосқанда) 176 миллион теңге қаржы жұмсалады екен. Жоғарыда айтылып өткендей бір футбол клубына 1 жылға жаратылған 3 миллиард теңгесімен жылына 33 мектеп немесе 20 колледж оқытушыларын толық еңбек жалақысымен қамтамасыз етуге болады екен.Жоғарыда айтылып өткен бір футбол клубының ойыншысына 2016 жылғы мәлімет бойынша ай сайын 9 миллион теңге жалақы төленіп отырған. Бұл дегеніміз 1 мектеп мұғалімдерінің бір айлық жалақысы. Енді ойланып қараңызшы, мұғалім мен доп тебушінің жалақысының айырмашылығы жер мен көктей. Бүгінгі жас ұрпақтың болашағына елеңдеп, сол ұрпақты дұрыс жолдан адастырмай, қалыптан әдемі, сұлу шығарып, бүкіл өмірін осы қызметке арнаған ұстаздың мәртебесі неге ең төмен?!
Құрметті, депутаттар, халық қалаулылары! Егер сіздер жоғарыдағы айтылып өткен мәселеге аса қатты назар аударып, ұстаздар қауымының материалдық жағдайын жақсарту жолында бір ауыздан қолдап, оңды шешім шығарсаңыздар, сіздер мыңдаған ұстаздарға тек қана қуаныш, шаттық, бақыт сыйлаған болар едіңіздер. Еліміздегі көптеген мұғалімдер тиіп-қашпай, тек қана өзінің мамандығына қызыға беріліп, жас ұрпаққа тәрбие – білім беру жолында аянбай еңбек етер еді. Және осыған байланысты оқушылар арасындағы құқық бұзушылығы, суицид т.б. күрт жойылар еді деп ойлаймын.
Тағы да бір айтып кетер маңызды мәселенің бірі – мұғалімнің стимулын көтеру деп білемін. Бұл жерде айтарым, елімізде аянбай еңбек етіп «Білім саласының үздігі», «Ы.Алтынсарин» медальдарымен ерекше марапатталған ұстаздардың айлық жалақысына 30 пайыз жалақы қосылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі таңда жай мұғаліммен медалі, атағы бар ұстаздың айлығы бірдей.
Қайрат Омаров,
Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің оқытушысы,
Шымкент қаласы,
Оңтүстік Қазақстан облысы.