БІР ҮЙДЕГІЛЕР БІРІКСЕ БАЯНДЫЛЫҚ БОЛАДЫ

431
0

Шымкентте жалпы тұрғын үй қоры 2 236-ны құрайды. Олардың 78,2 пайызы немесе 1672 үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. 

Ал 130-ы коммуналдық үй болса, 471-і кондоминиум нысаны ретінде тіркелмеген. Осы ретте түрғын үйлердің басқару жүйесін бір ретке келтіру мақсатында «Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» қағидасына көшетін болады. Кондоминиум объектілерін басқарудың мұндай жүйесі «Мүлік иелерінің бірлестігі» (МИБ) немесе «Жай серіктестіктігін» (ЖС) енгізу болып табылады.
Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаев мәлімдеді.
Басқарма басшысы «Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» қағидасының артықшылығы кондоминиум нысандарын меншік иелері тарапынан бақылауды қамтамасыз ету, басқару органдары қызметінің ашықтығын арттыру және ортақ мүлікке күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігін енгізу болып табылады. Осы жылдың 29-сәуіріндегі жағдай бойынша қаладағы статистикалық көрсеткішке сәйкес, Еңбекші ауданында 6 МИБ пен 62 ЖС-і, Әл-Фараби ауданында 8 МИБ және 26 ЖС-і құрылған. Ал Қаратау ауданында 3 МИБ пен 28 ЖС-і, Абай ауданында 26 МИБ және 27 ЖС-і тіркелген. Жалпы саны 43 мүлік иелерінің бірлестігі және 143 жай серіктестік тіркеуден өткен»,-деді.
Сондай-ақ, брифингте басқарма басшысы мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік ұғымдары туралы «Мүлік иелерінің бірлестігі» (МИБ) – коммерциялық емес ұйым. Яғни, көп қабатты тұрғын үй пәтерлері және тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған кондоминиум нысанын басқаруды жүзеге асыратын, оны күтіп-ұстауды қаржыландыратын және сақталуын қамтамасыз ететін заңды тұлға. Бұл жағдайда пәтер және тұрғын емес үй-жай меншік иелерінің 51 пайызының келісімі қажет. Ал «Жай серіктестік» (ЖС) – бір көп қабатты үйдің пәтерлері және тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері кондоминиум нысанының ортақ мүлкін сақтауды қамтамасыз етуге арналған серіктестік. Осы орайда пәтер және тұрғын емес үй-жай меншік иелерінің 100 пайыз келісімі болуы шарт, — деп түсіндірді.
Айта кетейік, көп қабатты тұрғын үйге «Мүлік иелерінің бірлестігін» (МИБ) немесе «Жай серіктестік» (ЖС) құруды жоспарлаған болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша тиісті аудан әкімдігіне жүгінуге болады.